Облыста «JuniorSkills» чемпионаты жалғасуда. Бұл жолы сайысты облыстың алдыңғы қатарлы кәсіптік білім беру мекемелерінің бірі – Павлодар техникалық сервис колледжі өткізді. Мұнда 9-сынып оқушылары көлікке техникалық қызмет көрсету бағытында дағдыларын сынады.

Сайыстың мақсаты – оқушылар арасында техникалық мамандықтарға қызығушылықты арттыру және кәсіптік бағдар беру. Сондай-ақ бұл шара олардың болашақ мамандықты дұрыс таңдауына септігін тигізеді, - дейді колледж басшысы.

Әнуарбек Ахметшаихов, Павлодар техникалық сервис колледжінің директоры

«Біз оларға бүкіл техникалық базамызды таныстырамыз. Бүгінгі сайыста техникалық қандай мүмкіндіктер бар, қандай жағдайлар бар – сонымен танысып, болашақта дұрыс таңдау жасайды деген ойдамыз. Біз мектептермен бірнеше жыл бойы тығыз жұмыс істейміз. Мектепте біз оны тығыз байланыстырған кезде, осы мектептерге ашық есік күнін өткіземіз. Олар бізге келгенде, біз оларға тығыз түсіндіреміз»

Сайысқа барлығы 20 оқушы қатысты. Олар алдымен өздерін таныстырып, кейін үш кезең бойынша түрлі тапсырма орындады. Әрқайсысына арнайы жұмыс киімдері таратылып, қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндірілді.

Санжар Боранбай, чемпионат қатысушысы

«Осы саламен қызығушылығым бар. Себебі әке-шешеме көмектесемін. Әкеме автокөліктің майын ауыстыру, содан кейін доңғалағын ауыстыру – қысқыдан жазға, жазғыдан қысқыға, содан кейін әкеме автокөлікті жуып беремін және де автокөлікті бензинмен толтырып беремін. Әр жігіт осы саланы білуі керек»

Сайыс қорытындысы бойынша үздік оқушылар марапаттарға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге колледждің әлеуметтік серіктестері атынан сыйақылар, ал белсене қатысқан мектеп басшыларына алғыс хаттар табысталды.

Жұлдыз Қабылденова