Тереңкөл ауданында өрт қауіпті кезеңге дайындық аясында Ертіс өзені алқабында өткен жылғы шөпті жоспарлы түрде өртеу жұмыстары жүргізілуде. Оны ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен Максим-Горький орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемесінің қызметкерлері бірлесіп атқаруда.
Естай Елтай, Тереңкөл ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері
«Жоспарлы өртеу жұмыстарын осылай жүргізіп жатырмыз. Орман қорына қауіп төндірмеуі үшін адамдар шығармаған шөпті өртейміз»
Осы тұста ТЖД қызметкерлері шөптесін өсімдіктерді өртеуге кез келген жерде рұқсат етілмейтінін ескертеді. Орман қоры мен оған іргелес аумақтарда орман иелері өрт қаупін азайту мақсатында жүргізетін бақылаулы түрде өртеуге рұқсат етіледі. Қалған жерлерде от жағу ені кемінде төрт метр болатын минералдандырылған жолақпен қоршалған алаңдарда және алғашқы өрт сөндіру құралдары болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. От толық сөнгенше, яғни бықсуы тоқтағанға дейін мұқият топырақпен көміледі немесе сумен сөндіріледі.