Дәл осы жиында баспана мәселесі де қаралды. Павлодар облысында 35 мыңға жуық азамат баспанаға кезекте тұр. Соңғы уақытта баспананы беру жүйесіне өзгеріс енген.
2025 жылдың 24 мамырынан бастап тұрғын үй саясатын реформалау заңына бірқатар өзгерістер енді. Осылайша «Отбасы банк»-ке ұлттық дамыту институты статусы берілді. Яғни банктің негізгі фукциялары өзгертілді.
Талғат Баилов , «Отбасы банк» АҚ ПОФ директоры
Қазіргі таңда барлығы баспанаға кезекке тұра алады. Заңмен арнайы санатқа бөлуді қойып, елдің барлық азаматтарын баспанаға қою қарастырылған. Бірақ келесі талаптарды орындау керек. Соңғы 5 жылда пәтер болмауы керек. Тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу болуы керек, Астана, Алматы, Шымкент үшін кем дегенде 3 жыл болуы қажет. Мемлекеттік қолдауға бір-ақ рет ие бола алады.
Павлодар облысында 36 252 адам қазір үйге кезекте тұр. Оның 10 мыңы әлеуметтік осал топтағы азаматтар деуге болады, бұл мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы аналар, соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтарды қарап отырған жандар, өзге мемлекеттерде ұрыстарға қатысқан ардагерлер, жесірлер. 9 мыңға жуық азамат ешбір санатқа жатпайды. Қалған 16 мыңға толық емес отбасылар, зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері жатады.
Талғат Баилов , «Отбасы банк» АҚ ПОФ директоры
Қазіргі күні бөлініп берілетін үйлердің 70 пайызының 20 пайызы жетім балаларға, 50 пайызы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі. Қалған 30 пайыз қалған есепте тұрған азаматтар бойынша бөлінеді.
Аймақ басшысы баспана сұрағы әлі де өзекті екенін айтты. Ал жаңартылған жүйе тіпті жағдайды қиындатқан сияқты деді. Себебі, қабылдауға келген азаматтардың бәрі де әділдік жоқ деп шағымданатын көрінеді. Өйткені үйге 10 жыл бұрын кезекке тұрғандар 20 жыл бұрын тұрғандардан ерте баспана алып жатыр екен.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Тұрғындар қала, аудан, облыс әкімдеріне жазылады. Олардың көбі үйге кезекте тұрғандар. Олардың ішінде 15-20 жыл күтіп жүргендер бар. Өткен жылдан бастап біраз функциялар сіздерге берілді. Қарапайым азаматтарға біраз дүние түсініксіз. Мен түсінемін, сіз түсінесіз. Бірақ қарапайым тұрғындарға неге үйлерінің берілмей жатқанын айта алмаймыз.
Талғат Баилов , «Отбасы банк» АҚ ПОФ директоры
Енді кезектегілер бір тізіммен болады. Баспана берудің бірінші критерийі азаматтың қашан кезекке тұрғаны анықталады. Екінші кезекте отбасы құрамына қарайды. Үшінші критерийі ол үйдің аумағы, яғни заңнамада бір адамға 15-18 шаршы метрге дейін қажет делінген. Яғни бағдарлама өзі түгендейді. Мысалы баспана 30 шаршы метр болса, бағдарлама жетім балаларды таңдайды, себебі ол жерде отбасы құрамы 1 адам ғана.
Осы ретте облыс әкімі «Отбасы банк»-тің филиал басшысына, аудан әкімдеріне халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Самал Қалиқызы