Қазақстан Премьер Лигасының төртінші турында «Ертіс» футболшылары өз алаңында өскемендік «Алтайды» қабылдады. Орталық алаңдағы кездесу қалай өтті? Әріптесім Жұлдыз Қабылденова айтады.

Осы матчқа дейін екі команда да жеңіске жете алмаған еді. Алаң иелерінің қоржынында 3 ұпай, ал өскемендіктерде 2 ұпай болды. Кездесу басынан-ақ павлодарлықтар ойын тізгінін өз қолына алды. (3443) 37-минутта стандартты жағдайдан кейін Павел Седьконың асырған добына Бақтияр Төлеуов таласты. Ал допқа бірінші болып жеткен Юши Шимамура гол соқты. Жапониялық ойыншы «Ертіс» сапына Словакия чемпионатынан ауысып келген және алыс шетелден келген алғашқы азиялық футболшы атанды.

Юши Шимамура, «Ертіс» ФК жартылай қорғаушысы

«Мен мұнда келгеннен бері біз жеңіске жеткен жоқпыз, жеңілмедік те. Сондықтан бізге үш ұпай қажет болды. Осы нәтижеге қуаныштымын. Словакия мен Қазақстандаық лигалар арасында аса айырмашылық жоқ. Екеуі де жоғары дәрежеде. Маған алдымен алаңға және қоршаған ортаға біраз бейімделу қажет болды. Бірақ қазір бәрі жақсы. Негізі мен Словакияда ойнағандықтан, аздап словак тілін білемін. Ол орыс тіліне сәл ұқсайды, сондықтан бұл маған өзгелермен сөйлесуге көмектеседі. Бастысы – мен мұндағы қызметкерлер мен командаластарымнан үйрене аламын.»

Ойынның 60-минутында «Ертіс» есепті еселеуге жақын болды:

қарсыластар Юши Шимамураға қарсы ереже бұзып, павлодарлықтар 11-метрлік айып соққысын орындауға мүмкіндік алды. Десе де, Вячеслав Швырёв соққысын «Алтай» қақпашысы Иван Коновалов қайтара білді.

Кирилл Альшевский, «Ертіс» ФК бас бапкері

«Командада пенальти тебетін ойыншылар бар. Бұл жолы алаңда болғандардың ішінен соққыны Владислав Швырёв орындауы керек еді. Дұрыс түсініңіздер, қазір барлық кінәні соған артып қоюға болады. Бірақ әр пенальти голға айналатын болса, оның мәні де қалмас еді. Әрине, эмоция бар, дегенмен бұл жағдайда мен футболшымызды толығымен қолдаймын. Адам 11 метрлік нүктеге келгенде, міндетті түрде гол соғуды қалайды және ол үшін бар күшін салады. Бірақ футболдың қызығы да осында – егер бәрі алдын ала белгілі, заңды әрі қисынды болса, ойын қызық болмайды.»

Есеп төреші ысқырығына дейін 1:0-ден өзгерген жоқ. Павлодарлықтар премьер-лигаға оралғаннен бері алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Кездесу қиын өтті, дегенмен «Ертіс» басымдықты сақтап қалды.

Кирилл Альшевский, «Ертіс» ФК бас бапкері

«Шынымды айтсам, өз мүмкіндіктерімізді толық пайдаланғанда, матчты әлдеқайда жеңіл өткізетін едік. Жалпы, «қақпамызға пенальти болды ма, жоқ па» деген және қарсылас алаңда он ойыншымен қалған сәттерді есептемегенде, оларға айтарлықтай мүмкіндік берген жоқпыз. Соған қарамастан, екінші таймда іске асыра алмай қалған алған сәттер ойынның соңын шиеленістіріп жіберді. Матч соңының осылай тартысты өтуі жанкүйерлер үшін қызықты, бұл эмоциялар бізге қосымша күш береді. Осы жағынан алғанда, міндетті орындадық. Ал ойын сапасына келсек, әлі де жақсартатын тұстар бар. Біз алдағы уақытта бұдан да жоғары деңгейде ойнауға барымызды саламыз. Жүйелі, логикалық шабуылдар құрғымыз келеді, ол үшін өзгерістер енгіземіз. Бастысы – павлодарлық жанкүйерлерді көпкен күткен жеңіспен құттықтағын келеді. Жеңіске жеткенде, келесі матчтарға дайындалу да оңай болады»

Төрт турдың қорытындысы бойынша «Ертіс» турнирлік кестенің 6-шы орынына жайғасты. Ал бесінші турда, 12 сәуір күні, аяқдопшыларымыз сырт алаңда көкшетаулық «Оқжетпеске» қарсы кездесу өткізеді.

Жұлдыз Қабылденова