Дәл осындай «Baby skills» байқауы Павлодар химия-механикалық колледжінде де өтті. Мұнда балабақша бүлдіршіндері қарапайым әрі қауіпсіз химиялық тәжірибелер жасады.
Аталған колледж негізінде «Baby Skills» байқауын өткізу дәстүрге айналған. Биыл бұл сайыс үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Иран Бектеміров, Павлодар химия-механикалық колледжінің басшысы
«Бүгін колледж негізінде жыл сайынғы дәстүрге айналған «Baby skills» байқауы өтіп жатыр. Мұнда мектеп жасына дейінгі балалар қатысуда. Басты мақсат – колледжіміздің бағыты, яғни химиялық тәжірибелерге, ғылымға деген балалардың қызығушылығын ояту. Бүгін қатысушыларды жеңімпаздар мен жеңілгендер деп бөлмейміз. Кішкентай балалар болғандықтан, барлығы жеңімпаз атанып, сыйлыққа ие болады»
Байқау үш кезеңнен құралды. Олардың барысында балалар химиялық тәжірибелер жасады. Ал колледж ұстаздары қатысушыларға нұсқаулық беріп, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалады.
Мөлдір Дәулетбекова, Павлодар химия-механикалық колледжінің арнайы пәндер мұғалімі
«Бірінші гүрілдеген лава жасаймыз. Біз натрий карбонатын қолданамыз, үйде қолданатын лимон қышқылын қолданамыз және де сумен араластырып, содан біз гүрілдеген лава жасаймыз. Екіншісінде біз слайм жасаймыз өз қолымыздан, қазір балалар жақсы көреді өте. Сол слаймды балаларға қауіпсіз түрде, әртүрлі жылтырақтарды қосу арқылы, оларға қызықты болуы үшін, сондай слайм жасаймыз. Үшіншісі – біз жасанды қардан торт жасаймыз, яғни құлпынай тортын жасаймыз. Әртүрлі балаларға қауіпсіз бояғыштарды қолданамыз. Торт жасап, құлпытай жасап, әрлеп, өздеріне береміз».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайысқа жыл сайын әртүрлі балабақшаның тәрбиеленушілерін қатыстыруға басымдық беріледі. Биылғы байқауға 6 бүлдіршін қатысты. Оларға тәжірибе барысында ата-аналары мен тәрбиелешілері көмек көрсетті.
Осылайша, бүлдіршіндер ғылым әлеміне алғашқы қадамдарын жасап, осы мамандық негізі туралы білім алды. Ойын түрінде ұйымдастырылған қызықты әрі қарапайым тәжірибелер арқылы олар химия пәнімен танысты.
Жұлдыз Қабылденова