• Былтыр маусым айында Павлодар қаласындағы №116 балабақшада болған оқиғаға қатысты сот ісі жалғасуда. Қозғалған іс бойынша бүгін кезекті сот отырысы өтті. Отырыста тәрбиешінің әрекеттеріне қатысты бейнебақылау жазбалары қаралып, жан-жақты талданды. Жазбаларда балалармен жұмыс барысында орын алған жағдайлар зерттеліп жатыр.
  • Сот барысында балабақша ішіндегі бірнеше күнге тиесілі бейнежазбалар қаралды. Әр күн, әр уақыт бойынша тәрбиешінің әрекеті мұқият зерттелді. Кадрларда балаларға дөрекілік пен күш қолдану белгілері анық байқалады. Дәл осы жазбалар ата-аналардың күдігін растаған.
  • Бұл жағдай алғаш рет былтыр маусым айында белгілі болған. Сол кезде ата-аналар балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерге алаңдай бастаған. Кейбір бүлдіршіндер балабақшаға барудан бас тартқан.
  • Мария Терентьева, ата-ана
  • Мен қызымды таңертең балабақшаға әкелген кезде оның мінез-құлқындағы өзгерісті байқай бастадым. Балаларды қатарға отырғызғанда, қызым маған төмен қарап, үрейленіп қарайтын болды. Бұрын өзі сұранып баратын еді, кейін «барғым келмейді» деп айта бастады. Көңіл-күйі де болмай жүрді. Алғашында балабақшада не болып жатқанын көрсетпеді. Бірақ кейін бейнежазбалардан қызымның жағдайын көрдік. Тәрбиеші оған аяқ киімін шешуді айтып, аяғынан тартып жіберген. Сол кезде қызым орындыққа басын, арқасын соғып алған. Кейін қолынан тартып тұрғызған, киімін де дөрекі түрде шешкен. Бейнежазбаларда балалардың қорқып отырғаны анық байқалады.
  • Айыпталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр. Кәмелетке толмағандарға қатысты азаптау және балаларды тәрбиелеу міндетін тиісті орындамау деректері бойынша тергеу жүргізілуде.
  • Сабина Жолдаспаева