Гастрольдік сапармен өңірімізге келген Астаналық “Жастар” театрының әртістері студенттермен кездесу өткізді. Оның барысында қонақтар студенттік театр жұмысымен танысты. Жастар мен өнер иелері арасындағы бұл жүздесу жайлы әріптесім Салтанат Бауыржанқызы тарқатсын.

Бұл күн студенттер үшін әдеттегіден өзгеше басталды. Ерекше толқу мен қуаныш сезілген бұл жүздесуге танымал актерлер — Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Азамат Есқұлов, Бақыт Хаджибаев және Жандәулет Батай келді.

Шара ашық диалог форматында ұйымдастырылды, білім алушылар көкейдегі сұрақтарын қоя алды. Театр актерлері сахна өнерінің ерекшеліктері, шығармашылық жолдағы тәжірибелері туралы айтып, кәсіби кеңестерімен бөлісті.

Жастар сүйікті актерлерін тек экраннан көріп қана қоймай, олармен бетпе-бет тілдесуге мүмкіндік алды. Кездесу барысында сахнадағы жарқын көріністер ғана емес, оның артында жатқан тынымсыз еңбек жайлы да сөз қозғалды.

Актерлер театрдің — көрерменге тек өнер ұсынып қана қоятын орын еместігін, адам бойындағы мәдениетті қалыптастыратын ерекше орта екенін де жеткізді. Сондықтан сахнаға қызмет ету — қоғамға қызмет етудің бір көрінісі екенін де ерекше атап өтті.

Азамат Есқұлов , театр және кино актері

Жалпы елге қызмет ету керек. қай салада болсын. Бірақ мәдениет өте жоғары деңгей. Театрға кіргеннен бастап адам шашын түзейді. Мәдениетке қызмет ету үлкен іс деп ойлаймын.

Сонымен қатар, өнер иелері студенттерге сахнадағы шынайылық — актерлік шеберліктің ең басты негізі екенін айта кетті.

Әділ Ахметов, театр және кино актері

Өнерге әркімнің ақ бар таласы дейді. Егер іште өнер болса оны шығару керек. демек шекара қоймау керек. осындай кеңес айтқым келеді жастарға.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулерден кейін жастардың өнерге деген құлшынысының артқанын байқауға болады. Қонақтарымыз да үлкен үміт пен болашақ сахна жұлдыздарын күтетіндігін жеткізді.

Салтанат Бауыржанқызы