Павлодар облысында соңғы 3 жылда 297 шақырым кіреберіс жол жөнделген. Биыл тағы 17 елдімекенде аталмыш жұмыстар жүргізілмек. Оған бюджеттен 1,5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр.
2026 жылы түрлі деңгейдегі бюджет қаражаты есебінен жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеу және салу бойынша 31,5 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 332 километр болатын 99 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 115 шақырым жол қиыршықтас жабынынан асфальтбетон жабынына ауыстырылады.
Қанат Қашқиров, Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы
Облыстық автожолдарда екі жоба жүзеге асады. Ұзындығы – 26,6 шақырымды құрайды. Жоба сомасы – 2.8 млрд теңге. Маңызды жобалардың бірі – Майқайың - Екібастұз тас жолы. Бұл бағыттағы жолға тұрғындардан көп шағым мен өтініш келіп түскен еді. Аудандық жолдарда 81 шақырымды құрайтын 9 аумақта жөндеу жұмыстары жүреді. Оған 4,5 млрд теңге жоспарланып отыр. Онда жол жабындысы жөнделіп, су өткізу құрылғылары қойылмақ. Яғни су тасқынын алдын алу үшін жасалып отыр.
2023-2025 жылдар аралығында Павлодар облысында кіреберіс жолдардың 297 шақырымы, яғни 91 аумақ жөнделді. Бірақ әлі де жылдар бойы тұрғындарды әбігерге салып, су мен батпақ кешкізіп отырған аумақтар бар.
Қанат Қашқиров, Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы
Бұл Жолболды ауылына кіреберіс жолға орташа жөндеу керек, ұзындығы 1,5 шақырым. Богдановка ауылында 0,6 шақырым, Шабар ауылына, Майқарағай ауылына кіреберіс жолдарды жөндеу қажет болып отыр. Бұдан бөлек, 2024 жылы Исабек ишан кесенесіне апаратын жол жөнделе бастаған еді. Сол жылы 150 млн теңге бөлінді, республикадан 300 млн берілді. Енді жоба аяқталмады, оған 1 млрд 550 млн теңге қаражат қажет болып отыр.
Сонымен, 2026 жылы 17 елдімекенге кіреберес жолдар жөнделеді. Бұл Әбжан, Жамбыл, Жаңабет, Жаңатап, Жоламан, Қараой, Қайран, Аққулы, Баймольдин, Тақыр, Петропавловка, Мыңкөл, Луговое, Ұзынсу, Жаңасарай, Назаровка және Бесқауға ауылдары, яғни осы елдімекендерге апаратын жол жөнделетін болады. Оған бюджеттен 1 млрд 600 млн теңге жоспарланып отыр.
Самал Қалиқызы