Павлодарда «SuperStar KZ» жобасына кастинг 12 сәуір күні өтеді. Қазіргі таңда 16 мен 25 жас аралығындағы жас таланттар байқауға қатысуға белсенділік білдіруде. Осы орайда Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы ұжымы өнерлі жастарға қолдау білдіріп, жобаның шығармашылық жолдағы маңызын ерекше атап өтті.

Елімізге кеңінен танымал SuperStar KZ музыкалық жобасына іріктеу биыл 4–26 сәуір аралығында өтеді. Кастинг республика бойынша 9 қалада ұйымдастырылмақ. Ал Павлодар өңірінде жас өнерпаздар үшін мүмкіндік алаңы 12 сәуір күні ашылады.

Амангелді Қожанов, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының басшысы

SuperStar KZ жобасының маңызы зор. Бұл – жастарға үлкен мотивация, елге танылуға берілетін мүмкіндік. Бүгінде танымал болған көптеген жұлдыздардың жолын ашқан – осы жоба. Біздің өңірден шыққан Ринат Малцагов, Әсем Жақытаева сынды таланттар да осы байқауда бағын сынаған. Сондықтан біз жастарды барынша қолдауға дайынбыз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба – тек байқау ғана емес, өнерлі жастардың өзін танытып, шығармашылық жолын бастауына берілетін үлкен мүмкіндік. Әсіресе, ауыл-аймақтардағы талант иелері үшін бұл — үлкен сахнаға бастар алғашқы қадам.

Мәлике Кәтәй, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының эстрада ұжымының меңгерушісі

Бұл жобаны жастар үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Барша өнерлі жасқа өз күштеріңізді сынап көруге кеңес беремін. Ауылда жүрген таланттар үшін де бұл – бағын ашатын тамаша мүмкіндік..

Өнерге жаны жақын, сахнаға шығуды армандайтын жастар үшін «SuperStar KZ» – үлкен мүмкіндік алаңы. Ендеше, өз дарыныңызды дәлелдеп, жаңа белесті бағындыруға қадам жасаңыз.

Дильназ Қуанышбекқызы