«Babyskills» өңірлік чемпионаты аясында бүлдіршіндер өздерін тәрбиеші ретінде сезініп көрді. Байқау Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде өтті.
«Babyskills» чемпионаты биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі байқауды № 44 сәбилер бақшасы негізінде өткізді. Негізгі мақсат – бүлдіршіндерді мамандыққа баулып, олардың шығармашылық және кәсіби қабілеттерін ашу.
Сәулет Жанғазинова, б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің меңгерушісі
«Балалар үйден дайындап келген презентациялары «Мен тәрбиешімін». Ол жерде көркем сөздер қолдануы керек балалар. Өздерінің болашақта тәрбиеші мамандығын таңдаған шақта қандай тәрбиеші болатынын – «мейірімді тәрбиеші боламын», «шығармашыл тәрбиеші боламын», «креативті тәрбиеші боламын» деп презентацияларын қорғап жатыр балалар. Презентация көрсеткеннен кейін ұлттық ойын – орамал тастамақ ойынын балалар таңдап алды. Сол орамал тастамақты тәрбиеші ретінде волонтерларға түсіндіреді. Волонтерлар – біздің колледжіміздің 3-курс студенттері, қатысып, көмектесіп жатыр»
Байқауға Павлодар және Ақсу қалаларының мектепке дейінгі ұйымдарынан 9 бала жиналды. Тапсырмалар 3 модуль бойынша ұйымдастырылып, қатысушылардың жан-жақты дайындығын көрсетуге бағытталды. Бүлдіршіндер тәрбиеші мамандығы жайында білімдерін ортаға салып, болашақта осы мамандық иесі болса, сабақтарды қалай өткізетінін көрсетті.
Айша Тоқтар, Чемпионат қатысушысы
««Мен болашақта қандай маман иесі боламын?» деп ойлаймын. Шаштаразшы болайын ба? Тігінші болайын ба? Жоқ-жоқ-жоқ. Аспазшы болайын ба әлде дәрігер болайын ба? А! Таптым! Мен болашақта жүзі мейірімді, ақылды, жүрегі ақ, кең пейілді тәрбиеші боламын.
Тәрбиеші күн нұрына бара-бар,
Ізгілік пен мейірімге толы олар.
Шуақ болып жүректерге таралар,
Ана болып әр балаға жаралған.»
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер және арнайы аталым иелері анықталды. Қатысушыларға дипломдар табысталса, оларды дайындаған тәрбиешілерге алғыс ретінде сертификаттар берілді.
Жұлдыз Қабылденова