«AMANAT» партиясы бизнестің саяси деңгейде ұсынылуын қамтамасыз ету, шағын, орта және ірі кәсіпкерліктің мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың мәселелерін жедел шешу мақсатында Кәсіпкерлер қанатын құрды. Аталған бастама аясында павлодарлық кәсіпкерлер елордадан келген коучтармен жүздесті. Кездесуде бизнесті дамытудың заманауи құралдары мен оны кеңейтуге арналған тиімді практикалық тәсілдері қарастырылды.

Кездесу барысында бизнес мәселелері жай ғана талқыланып қоймай, оны қазіргі экономикалық өзгерістер жағдайында тиімді дамыту жолдары талқыланды. Сонымен қатар, тұтынушылармен жұмысты олар қайта оралатындай етіп қалай ұйымдастыру керек екені және тиімді басқару үшін қазір қандай цифрлық құралдар қажет екені жөнінде сөз қозғалды.

Николай Дычко, «Amanat» партиясы ПОФ атқарушы хатшысы

«Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, партия алаңында кәсіпкерлердің кәсіби деңгейін арттыру үшін арнайы кездесу ұйымдастырдық. Бұл бағыт әрдайым өзекті әрі маңызды. Бүгінгі жиынды жүргізіп жатқан коучтардың еңбегі нақты нәтижесін береді деп ойлаймын.»

Коучтар таныстырған бизнесті дамыту тетіктерінің ішінде кәсіпкерлерге өздерінің жергілікті жобаларын ұлттық деңгейдегі брендке айналдыруға көмектесетін «Каз бренд» байқауы бар.

Гүлбану Майғарина, «Атамекен» ҰҚП президиумы жанындағы шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы

«Біз бұл жобаны екінші жыл қатарынан ұсынып отырмыз. Байқау жеңімпаздары – үш кәсіпкер – бір жыл бойы кешенді сүйемелдеуге ие болады. Бұл кезеңде олардың бизнесі жүйеленіп, алғашқы франшизасын сатуға дейін көмек көрсетіледі. Өткен жылғы жеңімпаз – «Қоржын» жобасының авторы, павлодарлық кәсіпкер Марина Редина. Онымен жарты жылға жуық уақыттан бері жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір ұлттық байқаудың екінші кезеңі бастау алуда.»

Арнайы шақырылған сарапшылардың пікірінше, көп кәсіпкерге қаржылық есеп жүргізу, талдау жасау және басқарушылық шешім қабылдау сияқты негізгі әрі аса маңызды дағдылар жетіспейді. Осы себепті коучтармен өтетін мұндай кездесулер оларға қазіргі бизнес үдерістерін жақсырақ түсінуге және оны тиімді басқаруға жол ашады.

Жұлдыз Қабылденова