Туристік маусымы басталды. Күллі ел қыстай дайындалды, енді жаз бойы мүмкіндіктерін көрсетеді. Биыл келіп кеткен туристердің келесі жылы қайта айналып келуі үшін қандай әрекеттер жасалуы тиіс? Бар әлеуетімізді қалай көрсете аламыз? Осы және туризм саласын дамытуға қатысты өзге де өзекті мәселелер Павлодарда өткен жиында талқыланды. Толығырақ келесі сюжетте.


Кездесу «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының туризм және қонақжайлылық жөніндегі салалық кеңесі аясында өтті. Бұл кеңес бизнес өкілдерін, мемлекеттік органдарды және туризм саласының сарапшыларын біріктіреді. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың айтуынша, өңірде туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның айқын мысалы ретінде Сабындыкөл мен Жасыбай көлдеріндегі демалыс аймақтарының жаңғыртылуын атауға болады.

Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары

Облысымызда жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Бірінші бағыт – туристік инфрақұрылымды, жол бойындағы сервисті және навигацияны дамыту. Сонымен қатар облыс әкімі 2027 жылға дейін өңірдегі барлық жағажайларды заманауи талаптарға сәйкестендіруді тапсырды. Бұл ретте Сабындыкөл мен Жасыбай көлдеріндегі, сондай-ақ Павлодар қаласындағы демалыс орындарын абаттандыру тәжірибесі негізге алынуда. Екінші бағыт – инвестиция тарту және кәсіпкерлерді қолдау.

Дегенмен, демалушылардың жайлылығын арттырып, өңірдің туристік әлеуетін күшейту үшін шешімін күткен мәселелер де бар.

Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары

Әрине, мемлекеттік органдармен бірлесіп талқылап, шешу жолдарын іздеп жатқан мәселелер бар. Мысалы, демалыс үйлерінің санитарлық қадағалау органдарының қорытындыларына қатысты сұрақтар кездеседі. Сонымен қатар кейбір инфрақұрылым нысандарының жай-күйі, қызмет көрсету сапасы, білікті кадрлардың тапшылығы, туристік қызметтердің маусымдық сипаты және бизнестің осы бастамаларды жүзеге асыруға жеткілікті деңгейде тартылмауы сияқты мәселелер өзекті болып отыр.

Кейін салалық басқарма өңірдегі жалпы туристік ахуал жайын баяндады. Былтыр қанша адам келіп кеткені, биыл қаншасын күтетіндіктерін айтты. Кімдердің қай жерге көбірек баратындығына да тоқталды. Есепке сәйкес, өткен жылы ішкі туристер саны 26 пайызға, ал шетелден және өзге өңірлерден келген қонақтар саны 20 пайызға артқан.


Қайрат Ахметжанов, Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Туристердің негізгі легі Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінен, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Абай облысы мен Астана қаласынан келеді. Олар негізінен автомобиль және теміржол көлігімен қатынайды. Демалушылардың басым бөлігін Баянауыл демалыс аймағы, Маралды көлі және Павлодар қаласы қабылдайды. Сонымен қатар Аққулы ауданындағы Тұзқала тұзды көлі, Солнечный кентіндегі жағажай және Шарбақты ауданындағы Шалдай қарағайлы орманы да сұранысқа ие. Жыл сайын өңірдің киелі орындарына, соның ішінде Мәшһүр Жүсіп кесенесі мен Ғабдул-Уахит хазірет кесенесіне келушілер саны артып келеді.

Кездесу барысында бизнес өкілдері мен сарапшылар салада кездесетін бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігі және кәсіпкерлер үшін қолжетімді жеңілдетілген несие бағдарламаларының жоққа тән екені айтылды.

Сондай-ақ бейнебақылау камераларынан алынған деректерді құқық қорғау органдарына беру мәселесі сөз болды. Қатысушылардың айтуынша, көптеген демалыс орындарында тұрақты интернет байланысы жоқ, сондықтан үлкен көлемдегі ақпаратты жедел түрде қалалық орталықтарға жіберу мүмкін емес. Ал заманауи спутниктік интернет қызметтері әлі де қымбат болғандықтан, бұл туристерге көрсетілетін қызмет құнының өсуіне әсер етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, облыстың басты туристік орталығы саналатын Баянауыл ауданындағы мәселелер жеке қаралды. Олардың қатарында аумақтардың санитарлық жағдайы, Сабындыкөл мен Жасыбай көлдерінде желілік мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарының жеткіліксіздігі аталды. Осы аумақтарға қатысты жағажайларды абаттандырудан кейін серуендеу аллеяларын да жаңарту бастамасы ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстардың толық тізімі жасалып, оларды одан әрі қарау және пысықтау үшін тиісті органдарға тапсырмалар жүктелді.