Негізгі Жаңалықтар Жаңа білім ошағы ашылды

Жаңа білім ошағы ашылды

Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс ауылдарында екі заманауи мектеп пайдалануға берілді. Әуелі, Ертіс ауданының Қызылқақ ауылындағы мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Жобаның құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайды. Білім беру ұйымы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар мұнда оқу үдерісіне жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізу жоспарланып отыр.

Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов және ауылдың барлық дерлік тұрғындары қатысты. Жаңа білім беру ошағының ашылуы жергілікті халық үшін көптен күткен айтулы оқиға болды. Себебі отыз жылға жуық уақыт бойы балалардың бірнеше буыны білім алуға бейімделмеген ғимаратта оқуға мәжбүр болған.

Жаңа ғимаратта 13 оқу кабинеті жабдықталған. Олардың қатарында компьютер сыныбы, спорт және акт залдары, асхана, сондай-ақ оқу залы бар кітапхана қарастырылған. Кітапхана қоры шамамен 11 мың дананы құрайды. Мектеп заманауи техникамен қамтамасыз етілген: оқушылардың игілігінде 30 компьютер, бес интерактивті панель және интерактивті тақта бар. Сонымен қатар мектепке дейінгі жастағы балалар білім алатын шағын орталықтың жұмыс істеуіне де барлық жағдай жасалған. 

Өңір басшысы мектептерді аралап, педагогтермен және оқушылармен кездесті. Жаңа білім беру ұйымы шамамен 100 балаға арналған. Бүгінде мұнда 76 оқушы білім алуда, ал тағы 17 тәрбиеленуші шағын орталыққа қатысады. Балалар жаңа парталарға отырып, оқу жылын жайлы жағдайда бастау мүмкіндігін асыға күтуде.

Мектеп Павлодар қаласынан шамамен 300 шақырым қашықта орналасқанына және мұндағы оқушылар саны көп еместігіне қарамастан, бұл балалардың білім деңгейінің жоғары болуына кедергі келтірмейді. Өткен оқу жылында оқушылар ғылыми және зияткерлік байқауларда жүлделі орындарға ие болып, білімдері мен дайындығының жоғары деңгейін көрсетті.

Самал Қалиқызы



Бөлісу

Аймақтық телеарналар