Жаңа оқу жылы: ІІМ ата-аналар мен педагогтерге үндеу жолдады
Жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігі ата-аналарға, оқушылар мен педагогтерге үндеу жасады. Балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Оқу жылы басталғанда балалардың үйден тыс уақыт өткізетін кезі көбейеді. Олар мектепке өздігінен қатынап, түрлі үйірмелер мен секцияларға барады. Сондықтан жолдағы қауіпсіздік ережелерін тағы бір мәрте еске салу маңызды.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығының орынбасары
Жаңа оқу жылы, яғни 1 қыркүйек қарсаңында барлық мектеп жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тұрғысынан тексерілді. Сондай-ақ балаларды тасымалдауға арналған барлық автобустың жағдайы қаралды. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша тиісті нұсқамалар берілді. Олар оқу жылы басталғанға дейін толық жойылады. ІІМ жолдан өтер кезде жаяу жүргіншілерге арналған арнайы өткелдерді ғана пайдалануды ескертеді. Телефонды қолданып, құлаққап тағып жүрмей, жолға мұқият назар аудару қажет. Велосипед, мопед және электрсамокат пайдаланған кезде де жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау керек. Ата-аналарға да айтарымыз бар. Балаңыздың қайда жүргенін, кіммен араласатынын және немен қызығатынын біліп отырыңыз. Баламен жиі сөйлесіңіз. Ең бастысы – қандай да бір қиын жағдайға тап болған кезде баланың сізден көмек сұрауға қорықпауы маңызды. Егер балаға қауіп төнсе, «102» нөміріне хабарласыңыз немесе «111» байланыс орталығына жүгініңіз. Ішкі істер министрлігі жаңа оқу жылының әр бала үшін қауіпсіз өтуіне бағытталған қажетті шараларды қабылдап жатыр. Біздің ортақ міндетіміз – қауіптің алдын алып қана қоймай, балаларға оны дер кезінде танып, қиын жағдайда көмек сұрауды үйрету. Балаларымызды бірге қорғайық.