Ақсуда мыңнан астам адам марафонға қатысты
Ақсу қаласында кезекті рет марафон жарысы өтті. Спорттық шараға мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында тәжірибелі спортшылармен қатар, жүгіруді әуесқой ретінде таңдап жүрген тұрғындар да бар. Қатысушылардың жартысына жуығы – балалар. Олар жарысқа белсенді қатысып, өз күштерін сынады.
Мұндай марафон Ақсу қаласында жыл сайын ұйымдастырылады. Жарысқа Павлодар облысының әр елді мекенінен тұрғындар келеді. Биыл өзге өңірлерден де спортшылар мен жүгіруді ұнататын азаматтар арнайы ат басын бұрған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар адамдарды спортқа қызықтырып қана қоймай, белсенді өмір салтын ұстануға ынталандырады.
Дүйсен Мерғалиев, «Энергетика» дивизионының бас операциялық директоры
Астанадан келіп жатыр. Қостанайдан да қатысып жатыр. көбінесе өзіміздің тұрғындар. Білетінім полумарафон қазір басталады 21 км, сосын 10, 5,3 км бар.
Жүгіруді тұрақты түрде әдетке айналдырғандардың қатарында Динара Байханова да бар. Ол мұндай жарыстарға жыл сайын қатысуға тырысады. Бұл жолы ол 21 шақырымдық қашықтыққа шықты. Спортшыны мәреге дейін отбасы қолдады. Балалары да жарыстың бір шақырымдық бағытына қатысып, анасына қолдау көрсетті.
Динара Байханова, қатысушы
Бұл жыл сайын өтетін шара. Біз осындай маңызды шаралардан қалмауға тырысамыз. Заң мен тәртіп аясында өтіп жатқан шара болған соң, қатысып жатырмыз.
Марафонға Ақсуға алғаш рет келгендер де болды. Солардың бірі – Қытай Халық Республикасының Алтай қаласынан келген Мардaн Акрамхан. Жүгірумен кәсіби түрде айналысатын спортшы бұл жарысқа бір жарым ай дайындалған. Еңбегі ақталып, 21 шақырымдық қашықтықта мәреге бірінші болып жетті.
Мардан Әкрамхан, қатысушы
Өте жақсы жарыс болды. Біріншілікті алдым. Өте жақсы. Кәсіби түрде айналысамын. Қазақастанға келгелі 3-4 жарысқа қатыстым. Жүгірумен айналысқаныма 7-8 жыл болды.
Ақсу марафоны кәсіби спортшылар мен әуесқойларды бір алаңға жинады. Ортақ мақсатқа жиналған мыңнан астам қатысушы үшін бұл күн спортпен қатар, жақсы көңіл-күй мен жаңа әсер сыйлаған ерекше күн болды.
Сабина Жолдаспаева