Негізгі Жаңалықтар Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл

Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл

Май - Семей ядролық полигоны сынақтарынан зардап шеккен аудандардың бірі. Бұл қасіреттің тауқыметін осы елдімекендердің біраз халқы көрді. Сондықтан полигонның жабылуын қолдап, тарихи кезеңде белсенділік танытты. Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл. Осыған орай аудан орталығында конференция ұйымдастырылды. 

Ақжар ауылы ядролық сынақтардың эпицентрі Курчатов қаласынан 7 шақырым жерде орналасқан. Жарылыстарды көзімен көріп, зардабын шеккендер де осы елдің азаматтары. 40 жыл ішінде болған сынақтар қанша жан мен малға қасіретін тигізгенін сөзбен айту мүмкін емес. 

Қадылжан Сәтиев, Май ауданының әкімі

Семей полигоны халқымыздың жадында мәңгі қалатын қаралы тарих. 1949 жылдан бастап оңдаған жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар адам денсаулығына, табиғатқа жер мен суға орасан зор зардап әкелді. Оның салдарына бірнеше ұрпақтың тағдырына әсер етті. Себебі ауданымыз полигонға ең жақын орналасқан ауданның бірі. Жарылыстың зардабын көрген азаматтардың естелігі үлкен тарихи сабақ. 1989 жылы Олжас Сүлейменов бастаған «Невада Семей» антиядролық қозғалысы құрылған кезде Май ауданының тұрғындары да талабын қолдады. 

Семей полигонында сыналған барлық ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп, дейді ғалымдар. Сондықтан 1989 жылы Олжас Сүлейменов «Невада Семей» қозғалысын құрып, полигонның жабылуы жолында тер төкті. Оған куә Май ауданының тұрғындары мен мына фотосуреттер. БҰл естеліктер конференция аясында көрмеге қойылды.

Толқын Шоманова, Май аудандық кітапханасының кітапханашысы

Бұл біздің ауданымызға біздің тағдырмен тікелей байланысты. Өйткені біз полигонға орналасқан аудандардың бірі боламыз. Әрине бұл біздің өлкетану бойынша, біздің тағдырмен байланысты болғасын кітапхана қорында «Семей» ядролық полигоны туралы ақпаратты көп жинаймыз. Сол кездерде ауданда антиядролық қозғалыстар көп атқарылған болатын. Сол деректер туралы фотоқұжаттар өте көп. Сол фотолар жеке мұрағаттан алынған көшірмелері. 

Көктөбе ауылында ұйымдастырылған конференцияға жан жақтан ғалымдар, осы сынақ куәгерлері жиналды. Олар 35 жылда атқарылған және әлі атқарылатын жұмыстарға тоқталды.   

Арман Миниязов, ҚР атом энергиясы институты директорының орынбасары

Полигон жабылғаннан кейін 1991 жылы өте ауқымды жұмыстар басталған болатын. Ең бірінші полигондағы инфрақұрылымды жою болатын. Екінші жұмыс полигонға қолжетімсіз етіп оқшаулау. Үшінші мәселе полигон салдарын жою. Қазіргі таңда мониторинг жүргізіліп жатыр, ең басты жетістігіміз полигонның қауіпсіз территориясы екі есе көбейді. Бұрын 18 мың ш.м. болса, қазір 8 мың ш.м аспайды. Оны шаруашылық мақсатта беруге болады. 

Семей полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар қазақ даласына орасан зор экологиялық және гуманитарлық зардап әкелді. Қазақстанның мемлекеттік органдарының бағалауынша, радиациялық әсерге 1,3 миллионнан астам адам ұшыраған. Сондықтан полигонды жабу, Қазақстан тарихындағы ғана емес, әлемдік ядролық қарусыздану қозғалысындағы маңызды бетбұрыс болды.

Самал Қалиқызы


Бөлісу

Аймақтық телеарналар