Негізгі Жаңалықтар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды

Отбасы – қоғамның берік тірегі, тәрбиенің алтын бесігі. Осы құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңі қорытындыланды. Жеңімпаздарға құрмет көрсетіліп, марапаттау рәсімі өтті.  


Бұл байқаудың басты мақсаты – отбасы мәртебесін арттырып, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ ұлттық және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу. «Мерейлі отбасы» байқауына өнерлі отбасылар, түрлі салада мол жылдар қызмет ететін әулеттер, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын шаңырақтар қатысуға өтініш берген, оның 13-і байқау лауреаты мен жүлделі орын иегерлері атанды.  

Байқауға қатысушылардың бірі – Бисмилдиндер әулеті. Отағасы мемлекеттік қызмет атқарып, қоғамға еңбегі сіңген. Ал Айсұлу Тоқтасынқызы қолөнерді өмірінің өзегіне айналдырып, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысып келеді. 

Айсұлу Бисмилдин, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының 2-орын иегері 

Екеумізде зейнеткерміз,бірақ қол қусырыпотырған жоқпыз. Көптеген облыстық, аудандық, республикалық, халықаралық байқауларға қатыстық. Мысалы, «Аламан құрақ» деген жобаға қатысып, Гиннесқа ендім. Көптеген медаль иегерімін.

Гүлсім Шойынбаева, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қатысушысы 

Мерейлі отбасы байқауын ұйымдастырған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Бұл қазақ ұлтымызды алдыға тартып, салт-дәстүрімізді насихаттап, ауылдық жерде жасап жатқан жұмысымызды насихаттауға жасап жатқан үлкен мүмкіндік деп санаймын. Себебі, мен ауылдық жерде тұрамын.Бие сауамын, қымыз өндіремін.Үщ қыз тәрбиелеп отырған анамын, әжемнен қалған ісімді өз қыздарыма насихаттап жүрген жайым бар.

Әр әулеттің берекесі мен бірлігі елдің құты, жердің мерейі. Айналасына үлгі болып, шаңырақтың шынайы шаттығын көрсетіп жүрген отбасылар арамызда аз емес. Солардың бірі, байқау жеңімпазы атанған Ақтоғай ауданы, Әуелбек аулында тұратын Кенжебаевтар әулеті. 

Шайза Кенжебаева, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының Павлодар облысы бойынша жеңімпазы

Біз үшін үлкен баға деп білемін. Құндылығы сақталған, үлкендерден көріп, тәлім-тәрбие алған әулетпіз деп айта аламын. Өзімізде 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп. Ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырған үлкен әулетпіз деп ойлаймын. Тәубә, 9 немереміз бар.

Салтанатты марапаттау рәсімінде жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты, көпшілік осылайша шат-шадыман көңіл күйде тарқасты. Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» байқауы 2014- жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Қымбат Садық



Бөлісу

Аймақтық телеарналар