Экология мәселесі ашық талқыланды
Екібастұзда көмір үйінділерінің қазіргі жағдайы және өндірістік жүктеменің қоршаған ортаға әсері талқыланды. Экология министрлігінің өкілдерімен кездесуге келген тұрғындар жалпы сөзбен шектелмей, нақты мәселелерді көтеріп, нақты жауап күтті.
Екібастұз үшін экология мәселесі қашанда өзекті. Өйткені өндірістік жүктеме қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан кездесу баяндама жасаудан емес, тұрғындардың сауалдарынан басталды. Олар қаладағы нақты мәселелерді айтып, ядролық полигон зардабын тартқан азаматтарға көрсетілетін қолдау шараларына дейін сұрады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай тұтанудың негізгі себебі — кәсіпорындардың көмірді үйінділерде ұзақ уақыт жинақтауы. Уақыт өте келе көмір бықсып, тұтана бастайды. Осыдан ауаға зиянды заттар тарайды. Қазір мәселенің салдарымен ғана емес, оған жол беретін кәсіпорындардың жауапкершілігімен де жұмыс жүргізілуде. Экологиялық талаптар күшейтіліп, заң бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі де артқан.
Жомарт Әлиев, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі
Көмір үйінділерінің тұтануының негізгі себебі — кәсіпорындардың көмірді үйіндіге жинақтауы. Біз заңнаманы қатаңдату мәселесін көтердік. Қазір экологиялық заң бұзушылықтарға қолданылатын айыппұл санкциялары өте қатаң. Олар ТМД аумағындағы ең қатаң шаралардың бірі. Бұл ретте жауапкершілік ең алдымен кәсіпорындардың өзіне жүктеледі.
Кездесуде қаланың одан әрі дамуы да сөз болды. Кез келген жаңа өндіріс қоршаған ортаға түсетін жүктемені арттырады. Сондықтан жаңа жобаларды жоспарлау кезінде аумақтың экологиялық мүмкіндігі ескеріледі. Яғни өңірдің қоршаған орта сапасының белгіленген көрсеткіштерінен аспай, қандай деңгейдегі жүктемені көтере алатыны есептеледі.
Жомарт Әлиев, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі
Әр өңірдің, әр қаланың экологиялық мүмкіндігі есептеледі. Жаңа кәсіпорындарды іске қосу кезінде осы экологиялық мүмкіндікті және белгіленген мақсатты көрсеткіштерді есептеу жергілікті атқарушы органдардың міндеті болып саналады. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласы бойынша қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштері есептеліп жатыр. Сондықтан оның жалпы экологиялық жағдайға қаншалықты әсер ететінін қазір нақты айту қиын.
Екібастұзда экология мәселесі бұл жолы есептегі сандар ретінде ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін нақты мәселе ретінде көтерілді. Енді кездесуде айтылған мәселелер нақты шешімдерге ұласуы маңызды.
Сабина Жолдаспаева