Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Мақашев мемлекеттік қызметші этикасын бұзғаны үшін көктем айында сөгіс алған болатын. Жуырда этика жөніндегі кеңестің хатшылығына Тереңкөл аудандық әкімдігінен тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау жөнінде хат түскен.
Тоқтамыс Жұмағұлов, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы:
Тереңкөл ауданының әкімі тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау туралы өтініш білдірді. Орынбасары сөгіс алған уақыттан бері өзін жақсы жағынан көрсетіп, жұмыста нәтижеге жетті. Сондықтан сөгісті алып тастауды сұраймын делінген, хатта.
Тәртіптік кеңес мүшелері ұсынысты талқылап дауыс берді. Он адамның алтауы сөгісті алып тастауды қолдаса, төртеуі қарсы болды. Басым дауыспен Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасарына бұған дейін берілген сөгіс алынып тасталды. Бұдан өзге тәптіптік кеңесте мемлекеттік қызмет істері заңнамасын бұзған мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қаралды.
Жібек Саламбекова, мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы:
Екінші тоқсанда 14 мемлекеттік органдарда қызметтік тергеулерге талдау жүргізілді. Тергеу барысында, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңдардың сақталмауы байқалды. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану ережелері қарастырылмаған.
Бұдан былай, қол астындағы қызметшілерінің әдепсіздігі үшін тәртіптік кеңесте бірінші басшылар келіп жауап беретін болады.
Есенбек САНАТҰЛЫ