Павлодар сервис және тамақтандыру колледжінде «Әкеге хат» атты тағылымды акция өтті. Бұл Отбасы күніне орай ұйымдастырылған «Баланың тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбындағы республикалық шараның бір бөлігі. Акцияның мақсаты отбасылық құндылықтарды насихаттап, әке мен бала арасындағы байланысты нығайту.
Шараға колледж студенттері мен олардың әкелері қатысты. Жиналған қауымның алдында облыстық әкелер кеңесінің үш жылдық жұмысы таныстырылды. Жобаның мәні зор. Студенттер өз әкелеріне арнап хат жазып, ішкі сырын жеткізді. Бұл бастама отбасындағы әкенің орнын айқындап, жастардың бойына құрмет пен мейірімділік ұялатуға бағытталған маңызды шара.
Жанарыс Хызыр, республикалық әкелер кеңесінің төрағасы
Әкенің тәрбиесі өте маңызды деген мағынада осындай қойып отыр. Өйткені колледж болсын, мектеп болсын барлық жерде оқуға деген, өмірге деген қарым-қатынасын әке бақылау керек. Сондықтан әкелерді арнайы шақырып отырмыз. Әкелер келсін, көрсін деген мақсатта. Ата-ана әрдайым барлығана қатысу керек. Сондықтан осындай жерге келген кезде баласы келіп сөйлей ала ма жоқа па, қоғамда қандай деңгейде дегенді әкесі келіп көру керек.
Барлығы 27 студент әкелеріне хат арнады. Бұл хаттарда олар бала жүрегіндегі шынайы сезімді, ой-пікірін, алғысын жазды. Кейбірінде кешірім, сағыныш, мақтаныш сияқты терең сезімдер көрініс тапты. Мұндай жазбалар баланың ішкі жан дүниесін тануға көмектеседі, ал әкелерге үлкен ой салады.
Ангелина Разумовская, студент
Мен өзім Екібастұз қаласынанмын, әкем де сол жақтан. Ол мені қолдау үшін басқа қаладан арнайы келді. Оның келгеніне өте қуаныштымын.
Шара соңында студенттерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Облыс бойынша «Әкеге хат» жобасына белсене қатысқан барлық хаттар жинақталып, отбасы күніне арналған үлкен гала-концерт барысында қатысушыларға алғыс хаттар табысталады.
Сабина Жолдаспаева