Кенжекөл ауылдық округінде жаздың алғашқы күндерімен бірге көпшілік асыға күтетін «Ауыл кеші қызықты» атты жоба өз жұмысын бастады. Ауыл тұрғындары мен қонақтар үшін осы жылдың алғашқы концерттік-би кешіне эстраданың танымал әншісі Мәди Қадыров арнайы шақырылды.

Кенжекөл ауылдық округінде он мыңға жуық халық тұрады. Жазғы демалысты тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылатын бұл жоба дәстүрге айналған. Шара барысында жергілікті өнерпаздар мен арнайы шақырылған қонақтар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кештің шымылдығы әнмен ашылып, би кешімен жалғасты.

Медет Сансызбаев, Кенжекөл ауылдық округінің әкімі

Жазғы уақытта осы ауыл кеші қызықты жобасын енгіздік. 3 жыл болды осы жобаның жұмыс істеп жатқанына. Жоба аясында өзіміздің Павлодар өңірінің әншілері мен Астана қаласынан Мәди Қадыров әншіні шақырдық. Бұл әрине демеушілердің арқасында. Бұрын соңды болмаған осындай ауқымды шаралар, енді халықтың жақсы демалып, жазғы уақыттарын тиімді өткізу үшін осындай жобаны қолға алдық. Ай сайын осындай әншілерді шақырып отыру ойда бар.

Шараға ауыл мәдениет үйінің ұжымы, яғни жергілікті әнші жастар да белсенді атсалысты. Жаңа құрылған вокалдық-аспаптық ансамбль алғаш рет көпшілік алдына шығып, өз өнерін көрсетті.

Сандуғаш Асаубаева, Кенжекөл ауылдық округінің Қ.Қасымов атындағы мәдениет үйінің директоры

Біздің мәдениет үйіміздің де осы концертке қатысады. Сәуір айында біздің Қамар Қасымов атындағы мәдениет үйінде жастар ансамблі ашылды. Вокалдық-аспаптық ансамбль. «Номад бенд» вокалдық-аспаптық ансамбльде 4 адам бар. Олардың әрқайсысы қатысады шарамызға. Одан бөлек жергілікті танымал әншілеріміз де осы концертке қатысады.

Концерт барысында танымал әнші Мәди Қадыров өзінің репертуарындағы «Девочка из города Караганда», «Гавай» сынды халыққа кеңінен танымал әндерін орындады. Көрермендер әр әнін ерекше ықыласпен қарсы алды.

Мәди Қадыров, әнші

Ауылдарға барып тұрамыз. Өзімнің туған еліме жиі шығамын. Ал осы Кенжекөл ауылына жалпы алғашқы рет концертпен келдім. Ауыл тұрғындарына тілейтінім Кенжекөл ауылы әр қазақтың барша тұрғындарының құтты мекеніне айнала берсін деген тілектеміз, ниеттеміз. Дами берсін.

Ауыл кеші тұрғындардың жазғы демалысын көркем, әрі көңілді ете түспек. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта бұл жобаны кеңейтіп, түрлі бағыттағы мәдени шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

Сабина Жолдаспаева