Бүгін Павлодар облысында медицина қызметкерлері кәсіби мерекелеріне орай құрметке бөленді. Денсаулық сақтау саласында адал еңбек етіп жүрген үздік мамандар облыс әкімінің қолынан марапат алды. Биыл облыстың денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуға 7,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Павлодар өңірінде медициналық қызметті дамыту бағытында жыл сайын ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Түрлі аурулардың алдын алу, емдеу сапасын арттыру және медициналық мекемелерді жаңа технологиялармен жабдықтау бойынша нақты қадамдар жасалуда.Бүгінгі таңда бөлінген қаражатқа 8 нысанда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және 340-тан астам медициналық жабдықты жаңартуға мүмкіндік береді деді өңір басшысы.
Шара барысында өңірдің үздік медицина қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хатымен, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, сондай-ақ ерекше кәсіби шеберлік пен адалдықты білдіретін «Алтын скальпель» және «Алтын фонендоскоп» сынды марапаттармен марапатталды.
Осындай марапат алғандардың бірі — Тілектес Усинова. Ол №3 Екібастұз қалалық емханасының әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісі. 40 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маманның отбасының барлығы – медицина саласының өкілдері. Оның көмегімен қаншама ана өз сәбиін аман-есен дүниеге әкелді.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – бұл тек құрмет күні емес, сонымен қатар қоғамның олар атқарып отырған күрделі әрі маңызды еңбегіне деген ризашылық белгісі. Денсаулық сақтау саласының дамуы – әрбір дәрігер мен мейірбикенің адал еңбегінің жемісі.
Дильназ Куанышбекова