Павлодар облысында әлемдік маңызы бар «Қазқонақ» атты палеонтологиялық ескерткіш бар. Ертіс өзенінің жағасында орналасқан табиғи ескерткіш бұзылудың шақ алдында тұр.Көне орынды сақтауды көздеген бір топ адам ескерткіш аумағында мониторинг өткізді. Арна тілшісі өңірдің өткені мен болашағына бейжай қарамаған сарапшылардың пікірін тыңдап, «Қазқонақтың» бүгінгі тағдырын көзбен көріп қайтты.
Өңірімізде көне дәуірден қалған «Қазқонақ» табиғи ескерткіш барын бірі білсе, бірі білмейді. Осы бір күн астындағы табиғи ескерткіш бұрындары көктем келісімен-ақ өзен жағалауында дала қаздары жайылып жүретін орын болған, сонау 1928 жылы палеонтологтар ашқан көрінеді. Бұл жерден бірнеше мыңдаған тасбақа, кесіртке, жираф және үш тұяқты гиппарион жылқысы сияқты ертедегі сүтқоректілер сүйектерінің қалдықтары табылған.
Валентина Алиясова, Әлкей Марғұлан университетінің профессоры
Бұл ескерткіште жүргізілген зерттеулер бойынша мұнда 60-тан астам мүсіндер табылған. Бірақ, бұл әлі нақты саны емес. Тіпті, қазір төмен түссеңіздер жануарлардың сүйектеін, тістерін байқауға болады.Кейінгі кездері жас ғалымдар, студенттер бұны зерттеуге кірісті. Олар мұндағы мүсіндер одан да көп деген болжамға келген. Сондықтан, бұл ескерткіш әлі де зерттеуді қажет етеді.
«Қазқонақтың» бүгінгі ахуалы оны жәдігерлерімен қоса сақтап қалуда болып тұр. Өйткені, бір жағынан Ертістің толқыны шайып, тарихи жәдігерлер сумен бірге ағып кетіп жатса, екінші жағынан күн жауынға төтеп бере алмай үгітіліп те жатыр. Тіпті қала тұрғындары бұл жерге қоқыс лақтырып кетеді. Осы мақсатта бір топ сарапшылар ескерткіш аумағына жиналып, оның бүгінгі тағдырын талқылады.
Бәкір Демеуов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы
Облыс әкімінің тура тапсырмасы бар. Осы жұмысты жасап, зерттеп, ұсыныстарды берсек маңызды мемлекеттік органдар сонымен айналысады. Ертістің жағдайын білесіздер ғой, жыл сайын Ертіс аққанда жуып отырады жағасын. Сол себепті өзгерістер болуы мүмкін. Оның болашақта қалай сақтау үшін, арнайы комиссия мүшелерімізбен келіп, қарап ұсынымызды береміз.
Ұзындығы бірнеше шақырымға созылып жатқан ғажайып орын. Тіпті әлі күнге дейін қоршалмаған. Бүгінгі таңда ескерткіш аумағы абаттандырылып, қала қонақтары үшін туристік орынға айналған. Алайда, аса қорғаудағы аймақ саналғанмен, мүсіндерді қиратып кететін бұзақылар да жоқ емес. Сондықтан, оның тарихи және туристік әлеуетін арттыру да күн тәртібінен түспек емес.
Бәкір Демеуов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы
Бұл ерекше ескерткіш, тарихи үлкен маңызы зор, мықты. Ол еліміздің бір байлығы деп ойлаймын. Осыны сақтап, болашақ ұрпақтарға жеткізіп, сапасын жақсартуға деген оймен келіп отырмыз. Әрине, ол қаланың бір ерекше орыны болып табылады. Мұны туристік маршрут деп ашуға болады болашақта. Мен ойлаймын оның маңызы өте зор деп
Қоғам белсенділерінің басты міндеттері – бұзылу үрдісін тоқтату, ескерткішті сақтап қалу және оны бүкіл әлемге паш ету. Бұл жұмыс бір күннің және бір адамның жұмысы емес. Ортақ мәселені шешумен әр саланың мамандары айналысуы керек. Қасиетке толы ескерткішті қалай болғанда сақтап, келер ұрпаққа аманат ету керек.
Қымбат Садық