Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында «Ана – Жер – Ана» трагедиясы сахналанады. Ол өңіріміздің қара шаңырағы театрдың дамуына зор үлес қосқан театр және кино актрисасы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаеваның 70 жылдық мерейтойына арналды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Ел басына түскен ауыртпалықты бір отбасының тағдырымен суреттеген заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» трагедиясы соғыс жылдары ел басына түскен нәубетті шынайы бейнелеп, сол тұстағы жалпақ жұрттың өмірін өрнектейді. Бір ғана Толғанай бейнесі қойылым барысында көрерменді төзімділікке, сабырлық пен қайсарлыққа шақырады. Сан ғасыр бұрын болған тарихи оқиғаны бүгінгі ұрпақтың жанына жеткізу, көз алдына келтірудің өзі үлкен өнер.
Нұркен Тұрлыбек, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыка драма театрының басшы орынбасары
Бұл адамзаттың алыбы Шыңғыс Айтматов ол өте дарынды жазушы.Соғыс тақырыбын қозғайды, соғысқа кеткен 5-6 адам бір үйден кетіп, оралмай қалғандар бар. Сол себепті ананың зары, ананың хәлі, соғыстан оралмай қалған балалары, яғни соларды аңсаған ананың зары туралы спектакль. Апамыз әлі шығармашылық белестің бел ортасына енді ғана келді деп ойлаймын. Әлі талай қазақ өнеріне берері мол деп сенемін. Керемет энергиясымен жастарға үлгі болып жүре берсін.
Айта кетейік, қойылым облыстық театрдың іргетасын қалаушылардың бірі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаеваның 70 жылдық мерейтойына арналды. Әріптестерінің айтуынша, ол қарапайым әйел бейнесін аналық дәрежеге көтеріп жіберетін ерекше тұлға. Сондықтан оған негізінен мінсіз, кінәсіз кейіпкер – ана рөлі ұсынылған.
Бейбіт Шәнім, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыка драма театрының әртісі
Біз 90 жылдары келгенде 20-дан асқан жігіт бала болсақ, бұл кісілер ересектеу адам болды, 35 жыд өтіпті. Сол 35 жылдың ішінде талай талай үлкен рөлдерді сомдады. Мына бүгінгі ойналатын «Ана-Жер-Ана», мұндағы Толғанайдың рөлі деген үлкен трагедияға толы. Бұған дейін ойналып жүрседе бүгін мерейтойға арналып отыр. Бұдан бөлек, киноларда , Заманақырда ойнады. Мен әкесі болсам, ол келінімді ойнады. Сондықтан бұл кісіге тілейтінім біздің алдымызда ардақты анамыз болып, ұзақ өмір сүріп, теартмен бірге еңбек ете берсе дейміз. Қазірде істеп жатыр, енді 80.90 жылдыққа Алла жеткізсін деп тілек білдіргім келеді.
Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясында оқып жүрген кезден-ақ Рауза Тәжібаева Алматы театрларында өнер көрсеткен. Тіпті, «Ленфильм», «Қазақфильм» киностудиялары түсірген бірнеше фильмдерде басты рольдерді ойнаған. Жалпы, сахналық ғұмырында 70-ке жуық рөл сомдаған.
Рауза Тәжібаева, театр және кино актрисасы, ҚР еңбек сіңірген әртісі
Театр маған бәрін берді. Театр өмірімді ұзартты, денсаулық берді.Өйткені мен театрды сүйемін, жақсы көремін. Жақсы көретін ісінмен айналысқанда адам жан рахатьына бөленеді, оны барлықтары да біледі. Бұл қарашаңыраққа тілейтінім жасы ұзақ болсын, іші толған талантты әртістер болса екен. Бүкіл жер бетінде аты шыққан , ең алдыңғы театрлардың қатары болса екен деймін.
Рауза Тәжібаева — жас актерлергеде театр өнерінің қыр-сырын үйретті. Оның өнері мен мол еңбегі ел мәдениетінің алтын қорына қосылған баға жетпес мұра болып қала бермек.
Қымбат Садық