Адам жанының арашасы — медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай "Amanat" партиясының алаңында Павлодар облысының үздік ақ халатты абзал жандары арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Салтанатты шараға өңірдің әр түкпірінен 100-ге жуық медицина қызметкері қатысты.

Медицина майталмандарының адам өмірін құтқарудағы еңбегі ерекше. Бұл жолы кәсіби мерекеге арналған қорытынды жиынға ардагер дәрігерлер, тәжірибелі мамандар, орта және кіші буын қызметкерлері, сондай-ақ партия жобаларының белсенді серіктестері шақырылды.

Марапатталғандардың қатарында өз ісінің хас шеберлері де бар. Солардың бірі – №1 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Дархан Мұсманов. Ол өз мамандығын саналы түрде таңдап, бүгінде көптеген жанның өміріне араша түсіп жүрген білікті маман.

Салтанатты жиынның шымылдығы мерекелік концертпен түйінделді. Алдағы уақытта да "Amanat" партиясы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған жобаларын жалғастырмақ.

Дильназ Куанышбекқызы