Павлодарда ерекше бастама. Усолка өзенінің жағалауында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асқан игі іс. Акцияға облыс бойынша география-жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері қатысты. Олар бүгінде Павлодарда өтіп жатқан республикалық біліктілікті арттыру курсының қатысушылары.
Ұстаздар осылай сенбілікке «Таза Ертіс қала көркі» деген ұранмен шықты. Мақсат қоршаған ортаға жанашырлық танытып, оқушыларға үлгі көрсету. Бүгінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығында география-жаратылыстану пәнінің мұғалімдеріне арналған республикалық курс өтуде. Оның тақырыбы «Қоршаған ортаны қорғау аспектілерін география пәнінде оқытудың тиімді жолдары». Бұл бағдарлама 9-20 маусым аралығын қамтиды.
Зәмзәгүл Оразаева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық ораталығының жаттықтырушысы
Жалпы бұл біздің ұсынысымызды, жүргізіп жатқан іс-әрекетімізді оқушылар үшін, ата-аналар үшін де жалпы халық үшін белгілі тәрбиеге шақыратын үндеу секілді деп есептейміз. Және біз сияқты Республика көлемінде курстан өтіп жатқан әріптестеріміз бізде осы бастауымызға қолдау тауып, үлкен челленджге ұласады деген ниеттеміз. Қазір демалушыларға, осы аптаның соңында оларға көрсін, ержелер сақтасын деген ниетпен шықтық. Әр демалу орталығында белгілі бір этика, ереже, тәртіптері бар ғой. Соны көпшілік болып, сақтасын деген ниетпен жүрміз.
Курстың негізгі бағыты экологиялық білім беруді жетілдіру. Оқу барысында қатысушылар экология тақырыбындағы мәселелерді бірге талқылайды. Себеп-салдарын анықтап, шешу жолдарын қарастырады. Теориялық бөлімнен бөлек, тәжірибелік жұмыстар да назарда. Бұл бастама соның жарқын дәлелі.
Алтынай Айжолова, Екібасұз қаласы А.Құнанбаев атындағы №2 ЖОББ мектебінің география пәні мұғалімі
Бұл жерде қоршаған орта болғаннан кейін, біз түрлі осы қаламыздағы, облысымыздағы экологиялық мәселелерді қозғаймыз. Яғни теориялық бөлімде жұппен, топқа бөлініп креативті ойларды ортаға саламыз. Іс жүзінде осындай экологиялық Таза Қазақстан акциясына белсенді қатысып отырмыз. Бұл акция болғандықтан, өзіміздің қала мектептерімізде жүргізіледі. Оқушылармен де өткіземіз. Ал бүгінде енді осы курсқа қатысқаннан кейін жобаны қорғау мақсатында іс-жүзінде де осыны жүзеге асырып отырмыз.
«Өрлеу» орталығы педагогтардың кәсіби дамуына, оқу үдерісін жетілдіруге және білім беру тәжірибесін кеңінен таратуға бағытталған. Ал бүгінгі сенбілік білім мен тәрбие ұштасқан нақты мысал. Мұғалімдердің бұл бастамасы өзгелерге де ой салар іс болмақ.
Сабина Жолдаспаева