Атажұртқа бет түзеген көштің алғашқы легі. Сүйіқұловтар отбасы Ақсу қаласына қоныстанды. Ескендірхан ақсақалдың сөзінше, апамыз екеуі осы сәтті 30 жыл күткен. Енді туғандары жақын арада көшіп келмек.
Ескендірхан Сұйіқұлов, қоныс аударушы:
Енді өзіміз де қартайдық. 67 жасқа келдік. Содан атажұртқа деп қайттық. Жақсы қарсы алды. Үй-жай беріп жатыр. Көмек беріп жатыр ғой. Арманым енді: Қазақстанда жұмыс берсе, істеймін. Бала шағам оқиды. Немерелерім бар. Білім алсын өз қазақша тілінде. Атажұртқа келу - мақсатымыз еді ғой. Міне, құдайға шүкір келдік.
Орынгүл Отағанова, қоныс аударушы:
Қуанышты сезімде бодым. Құдайға шүкір еліме жеттім. Еліме келгеніме, қауышқаныма қуаныштымын. Елімізге барайық, елге қосылайық, балаларымыз істесін, көрсін деп қайттық тілегімізбенен.
Тұрар Сүйіқұлов пен келіншегі Үштерек ауылындағы шаруа қожалығына жұмысқа орналасады. Оларға жоғары жалақы мен уақытша баспана берілмек.
Көшіп келген отбасыға орташа есеппен бір миллион теңге шамасында субсидия беріледі. Үй сатып алуға немесе жалдап тұруға қосымша қаржы қарастырылған. Келісімшарт бұзылған жағдайда көмек түрінде берілген қаржы бюджетке қайтарылады. Бағдарлама басталған жылдан бері Ақсу қаласының халқы шамамен 1500 адамға өсті. Оның 800-і ішкі көші-қон бойынша халық саны тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден келген. Жаңа қонысты жерсінбей көшіп кеткендер саны 2-3 пайыздан аспайды дейді мамандар.
Аяулым Рахымжанова