Май ауданының орталығы Көктөбе қазақ спортына өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз, ардақты азамат Қайролла Балтабекұлы Түйтебековты еске алуға арналған 24-ші дәстүрлі республикалық ашық турнир өз жалауын көтерді. Жыл сайын өтетін бұл айтулы дода күрес өнеріне тағзым, ал жас балуандар үшін шыңдалу мектебі.Толығырақ шараға қатысып қайтқан тілші әңгімесінде.
Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Ақтөбе, Шымкент, Өскемен, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Павлодар өңірінің бірнеше аудандарынан 200-ге жуық жас балуан қатысып, боз кілемде бақ сынады.
Қанағат Ақылбек, бас төреші
Мында кіші жас өспірімдер болып жатыр. 2008-2010 3 жас аралығында болып жатыр. 2008-2010, 2011-2013 және 2014 жастағы жас өспірімдер арасында 24 килограммнан басталатып тұр. Каждый бірінші орынға пояс және 2-3 орынғадарға медаль.
Бұл турнир тек спорттық дода емес, жас ұрпаққа табандылық пен ерік-жігердің, қажырлы еңбектің қадірін ұғындыратын тағылымды шара. Қайролла Балтабекұлы өмірін күреске арнаған, жүздеген шәкірттің жүрегінен жол тапқан ардақты бапкер. Оның есімі Май ауданы спортының тарихында алтын әріппен жазылды.
Қадылжан Сәтиев, Май ауданының әкімі
Бұл додада берік пен жігер сыналады, нағыз мықтылар анықталады. Мұндай жарыстар жас ұрпаққа жігер беріп, ел намыс қорғауға тәрбиелейді. Құрметті қатысушылар баршаңызға жарақатсыз белдесу тілеймін. Спорт рухы асқақ болсын. рақмет.
Биылғы жарыста ерекше көзге түскен қатысушылардың бірі жас балуан Бегзат Елемес. Жастайынан күреспен айналысып, бүгінде түрлі жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізіп келеді.
Бегзат Елемес, қатысушы
Күреске осы 6 жасымнан бері қатысамын.Әкеме үлкен алғыс айтамын, себебі мен әкемнің арқасында осындай үлкен жетістіктерге жетіп жүрмін.
Боз кілемде белдескен әр палуан тек қарсыласымен емес, өз қорқынышы мен әлсіздігімен күреседі. Осындай жарыстарда шыңдалған жас балуандар ертең ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтыны сөзсіз.Ұлт рухын көтерген Қайролла Түйтебеков есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ. Ал боз кілемде туған шеберлік пен күрес өнерінің тағылымы – жас буынның бойына сіңіп, шын мықтыны шыңдай бермек.
Дильназ Қуанышбекқызы