Астана қаласында павлодарлық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Қазанның 18-19 күндері ұйымдастырылған шарада өңірдің диқандары мен кәсіпкерлері өз өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынды. Жәрмеңкедегі тауарлар астана нарығындағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылды.
Жәрмеңкеге облыстың он ауданынан және үш қаласынан 80-нен астам өндіруші қатысты. Сөрелерге ет пен сүт өнімдері, ұн, шұжық түрлері, бал және көкөніс қойылды. Барлығы 550 тоннадан астам өнім әкелінді.
Әйгерім Қабылтаева, Павлодар облысы әкімінің орынбасары
Оның 70 тоннадан астамы бұл ет өнімдері, 400 мың тонна біздің картоп пен сәбіз. Биыл Павлодар облысында картоп өнімі рекордтық көлемде. Миллион тоннаға жуық. Бүгінгі таңда барлық фермерлер өз өнімдерін осы жәрмеңкеге әкеліп 15-20 пайызға төмен бағамен сатты.
Шараға өңірдің қайта өңдеу кәсіпорындары да атсалысты. Биылғы жыл павлодарлықтар үшін табысты болды. Мол өнім, тұрақты өңдеу, мемлекеттік қолдау мен диқандардың еңбегі өз нәтижесін берді. Бұл жолы павлодарлықтар елорда жұртына өз жерінің әлеуетін айқын көрсетті.
Сабина Жолдаспаева