Павлодар облысы дихандары 1 млн. тоннадан астам бидайды қамбаға құйды. Бұл аталған өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Оның үстіне  маусымның басынан шілденің ортасына дейін бір тамшы жауын болмай, топырақ құрғап кеткен болатын. Қуаншылыққа қарамастан өнімділікті төмендетпеудің сыры неде?
 
Успен - аймақтағы топырақ құнары орташа аудандардың бірі болса да, екі жыл қатарынан бидай өсіруден алда келеді. Қуаныш Нұржігітұлы табиғаттың құбылмалы мінезіне әбден үйренген, жердің бабын білетін дихан. 40 мың гектардай егістік алқабы бар жаңа технологияларды енгізудің арқасында бидайдың орташа түсімі гектарына 12-14 центнерден айналуда. 
Қуаныш Баймағанбетов, шаруашылық басшысы:
Жауын-шашын аз болған биылғы жазда көңіліміз күпті болғаны рас. Ерте дән беретін астық тұқымдарын еккен едік. Және топырақты аздырмау үшін тыңайтқышты молынан бердік. Үшіншіден сапалы тұқым салдық. Бұлар болмағанда егін күйіп кетер еді. 
Бірер күнде жиын-терін аяқталады. Қоймаларға құйылатын астық көлемін асыра сілтеп, артық айтылмас үшін аймақ басшысының орынбасары күндіз бір, кешке бір комбайнға мінеді. Себебі, дәл биыл азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беретін жыл.
Мейрам Өтешов, облыс әкімінің орынбасары:
Жаңа комбайнда отырып, компьютерінде 15 центнер гектарынан көрсетіп отыр. Орақ біткенше ойлаймын 1 млн. тоннадан астам аламыз. 1 млн. 17 мың тонна деп. Есебіміз бар сондай. Қоймаларымыз бар сақтайтын. Дайындық бар. 4 элеватор дайын. 
Күз құрғақ болғандықтан орақ шығыны аз. Кептірмей-ақ бірден қамбаға салып жатыр. Бидайдың ылғалдығы 12, қамырлылығы 36 пайызға дейін барады. Аймақ дихандары қарақұмық жинауға да  кірісті. Елімізге қажетті бұл дақылдың 60 пайызы Кереку өңірінде өсіріледі.
Сергей Черепко, шаруашылық басшысы:
Қарақұмық кірпияз дақыл ғой. Алдымен жығып, кепкен соң жиналады. Жел болса дәні шашылып кетеді. Биылғы түсімі жақсы. Оның үстіне мемлекет бөлген арзандатылған жанар-жағармай ерте берілді. Техниканы да жаңартып алдық. Арқаның ақ жауынына қалдырмай, бірер күнде жинап тастаймыз.  
Мемлекеттік азық-түлік корпорациясы биыл бидайдың әр тоннасына 120 мың теңгеден баға қойды. Ал, астық трейдерлері әрі кетсе 110 теңгеден алмақ. Сондықтан өнімді қамбада сақтап, мемлекетке тапсырамыз-дейді дихандар. 
 
Аяулым Рахымжанова