Түйреуіш, тиын, батарей мен тәтті кәмпиттер. Бұл кішкентай балалар жиі жұтып қоятын заттар. Бір жыл ішінде 40 бала бөгде затты жұтып қойған. Ауыр жағдайлар да тіркелді дейді дәрігерлер.
Көзге түскен дүниенің бәрін ауызға апаратын кішкентайларды бақылаусыз қалдыруға болмайтыны сөзсіз. Себебі соңғы уақытта балалардың бөгде заттарды жұтып қоятыны жиілеп кеткен. Дәрігерлер олардың ішінен қатты кәмпиттермен қатар түйреуіш, тиын, магнит, батарейлер де табады екен.
Совет Смайылов, облыстық балалар ауруханасының дәрігері:
Алдымен кезекші дәрігерлер балаларды қарайды. Рентген тексеріс жүргізеді. Бөгде заттар анықталған жағдайда эндоскопист шақырылады. Анестезия жүргізіліп, фиброгастродуоденоскопия жасалады.
Техникалық тұрғыда ағзаға кірген кез келген затты шығару оңай емес. Кейде мамандар оперативті әдіске жүгінеді. Бұл жерде дәрігердің тәжірибесі мен дағдысы маңызды. Осыдан бірнеше жыл бұрын төсеніштің қылшығын жұтып қойған бала да болған.
Совет Смайылов, облыстық балалар ауруханасының дәрігері:
Бізде бір жыл ішінде 40 жағдай тіркелді. 10 баланың ішінен бөгде зат табиғи жолмен шықты. Қалғанын біз аппаратпен, оперативті әдіспен алып шықтық. Соңғы рет кішкентай баладан батарейді алып шықтық. Техникалық тұрғыда өте қиын болды. Себебі батарейдің өзі ағзада сілті бөлсе, жағдай ауырлай түсер еді.
Осы ретте мамандар ата аналарға балаларын бақылаусыз, назарсыз қалдырмауға шақырады. Себебі бөгде затты жұтып қою қайғылы жағдайға әкеп соғуы да мүмкін.
Самал Қалиқызы