28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай Павлодар облыстық филармониясының ұжымы журналистерге арнап құрмет көрсетті. Бұл күні ерекше ықыласқа ие болғандар қатарында «ERTIS» телеарнасының ұжымы да бар.

Иса Байзақов атындағы өнер ордасында өткен салтанатты жиында, еңбек етіп жүрген тілшілер мен режиссерларға, сондай-ақ, телеоператорларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Облыс бойынша әртүрлі БАҚ өкілдеріне арнайы сый-сияпаттар ұсынылды. Кәсіби мерекені ерекше атап өткен шығармашылық кештің шымылдығы қызыл кілеммен ашылды. Журналистер үшін бұл сәт есте қаларлықтай өтті. Ертіс арнасының 11 қызметкері алғыс хатқа ие болды.

Амангелді Қожанов, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының басшысы

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтағымыз келеді. Сіздердің еңбектеріңіз зор. Біздің шығармашылық ұжым атынан сіздерді арнайы шақырып, сіздерге өзіміздің ілтипатымызды, ниетімізді, құттықтауымызды білдірейік деген оймен шақырып отырмыз. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Отбасыларыңыз аман болсын, дендеріңіз сау болсын. Тек қана әрқашан жақсылықтың жаршысы болып жүре беріңіздер. Мерекелеріңізбен.

Бұл күні журналистер ғана емес, өнер иелері де құрметке бөленді. Облыстық филармония әртістеріне алғыс хаттар мен естелік марапаттар табысталды. Олар өз тараптарынан тілшілер қауымына жылы лебіздерін білдірді.

Филипп Валов, «Нұр» би ансамблінің әртісі

Мен барлық БАҚ өкілдеріне табыс тілеймін. Жасыратынымыз жоқ. Сіздердің кәсіби жұмыстарыңыз, еңбектеріңіз бізге әрқашан қамқор, көмек береді. Біз сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында біз туралы бүкіл ел және ҚР халқы біледі. Сондықтан менің алғысым шексіз.

Шараға шақырылған меймандар үшін арнайы фуршет ұйымдастырылды. Ал мерекелік шара филармония әртістерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Бұл халық пен ақпарат арасындағы алтын көпірге айналған мамандық иелеріне арналған шынайы құрметтің бір көрінісі болды.

Сабина Жолдаспаева