Жазушы, журналист, өлкетанушы және Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына орай «Шоң би» атты тарихи трилогиясының тұсаукесері өтті. Ел жадында мәңгі сақталатын тұлғалар бейнесін қайта жаңғыртатын бұл шығарма ел руханияты үшін маңызды оқиға саналады. Шара барысын тілшіміз тарқатсын.
Павлодар қаласы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Шоң би» трилогиясында XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік мәселелер, ұлт болашағы үшін күрескен тарихи тұлғалардың өмірі кеңінен суреттелген. Бұл туынды оқырманды ел тарихына терең бойлататын көркем әрі танымдық дүние.
Ертіс-Баян өңірінің беделді биі ғана емес, сонымен қатар бес бірдей өлкеге әмірін жүргізген Шоң би романда дана, әділетті, шешен тұлға ретінде бейнеленеді. Шығарма авторының тарихи оқиғаларды көркем тілмен шебер үйлестіруі де көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.
Аталған рухани шараға Павлодар облысының зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары және қала тұрғындары қатысты. Қонақтар жазушы Қалмұқан Исабаевтың шығармашылық мұрасын ұлықтауға арналған кештен мол әсер алып, шығармаға қатысты жылы лебіздерін білдірді.
Салтанат Бауыржанқызы