28-маусым БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай өңіріміздің бірқатар журналистері түрлі мемлекеттік марапатқа ие болды.. Көпжылдық еңбегі еленген жандардың қатарында Ертіс арнасының ардагері Райхан Жолдасова «Еңбек ардагері» медаліне ие болды.Толығырақ алдағы сюжетте.

Облыс әкімдігінде өткен салтанатты шарада медиа саласының дамуына үлес қосқан журналистерге «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі берілді. Ертіс телеарнасының дамуына бір адамдай үлес қосқан, телевизия ардагері Райхан Жолдасоваға «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Ал «Құрмет» орденіне ие болған белгілі тележурналист Майя Шуақбай нағыз журналист әрқашан объективтілікті сақтап, халық жағында тұруы тиіс екенін де ерекше атап өтті.

Майя Шуақбай, Еуразия бірінші арнасының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі

Біз, журналистер, әрине мемлекеттік марапаттар үшін жұмыс істемейміз. Біздің ең басты марапатымыз — халық мәселесінің оң шешімін табуы. Біз адамдарға жылдар бойы шешілмей келе жатқан жағдайларды көрсетіп жатамыз. Осындай сәтте олардың шын жүректен «рақмет» деп жазып, жүрекжарды тілектерін айтып жататыны ерекше, өте ыстық. Міне, сондықтан халықтың ыстық ықыласы біздер үшін үлкен марапат.

Марапат иелерінің бірі жылдар бойы ақпарат саласына сүбелі үлес қосып келе жатқан тәжірибелі журналист, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді.

Облыстық әкімдік өкілдері ашық сынға жауап беруге және шынайы ақпаратты дер кезінде ұсынуға ұмтылатынын атап өтті. Олардың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс мемлекеттік құрылымдардың ашықтығын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Серік Батырғұжинов, Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы

Әрине, белгілі бір сын-пікірлер болады, бұл дұрыс — біз де кейде бәріне үлгермей жатамыз. Біз бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан ашықпыз. Егер мәселелерді жасыратын болсақ, онда түрлі алып-қашпа әңгімелерге алып келеді. Сондықтан шынайы ақпаратты жедел түрде журналистер ұсынады. Өздеріңіз білесіздер Асайын Қуандықұлы өте ашық адам, әрқашан баспасөзбен байланыс орнатуға дайын. Тағы да облыс әкімі атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын.

Мемлекет басшысының атынан берілетін мұндай марапат ақпарат майданында алдыңғы шепте жүрген қалам иелерінің еңбегінің ерекше бағаланғанын көрсетті.

Қымбат Садық