Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Екібастұз тұрғындарына еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Еріктілер де жан-жақтан жиылған.
Екібастұз қаласының тұрғыны, блогер Олжас Қайрат әлеуметтік желіде үндеу жариялап, арнайы есепшот ашқан. Сол түскен қаржылай көмекке жерлестеріне көрпе, жылытқыш, жұмысшыларға қажетті заттарды сатып алып таратып жатыр.
Облысымыздың жомарт кәсіпкерлері де қолдан келген көмекті беруде. Апат салдарынан зардап шеккен тұрғындар мен құтқарушыларға ыстық тамақ үлестіріп, қол ұшын созып жатыр.
Екібастұзда жағдай біршама жақсарып келеді. Арнайы құрылған штабтың ақпарынша, қаланың орталық жылу желісі тұтастай іске қосылды.
Аяулым Рахымжанова