Павлодарлық домбырашылар республикалық «Күй күмбірі» челленджінде төбе көрсетті. 100-ден астам жас ел арасында кең танылған күйлерді орындап, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ауқымды челенджде музыкалық мектептің білім алушылары өнер көрсетті. Ел көлемінде өтіп жатқан шара бабадан қалған қара домбыраны қастер тұтып, қос ішекті аспапты өскелең ұрпақ арасында дәріптеуді мақсат етеді.
Серік Сыздықов, дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп интернатының басшысы:
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамын атап өту қарсаңында Ағарту министрлігі бірнеше іс-шара ұсынған болатын. Соның бірі – қазақтың қасиетті қара домбырасын насихаттау мақсатында республикамыздың барлық білім беру ұйымдарында бір мезетте домбырашылардың күйлерін орындау домбыра челлендж ұйымдастырып отырмыз. Жалпы елімізде домбыра күні арнайы бекітілгеннен кейін осындай топтық челлендждер көп ұйымдастырыдып жатыр. Бірақ наурыз мейрамы қарсаңында осындай үлкен масштабтағы іс-шара бірінші рет.
Музыкалық колледж студенті Нұрбол Қаратай жастайынан халқымыздың күй өнерін жан серігі еткен. Жеткіншек бүгінде бірқатар халықаралық байқаудың жеңімпазы. Қоңыр домбыраның күмбірін шетелге таныту – мақсатым дейді.
Нұрбол Қаратай, студент:
Мен үшін домбыра мүлде бөлек аспап болып саналады. Өйткені кішкентай кезімнен домбыраны насихаттап, ертең оны басқа елдерге шығарып, шетелге насихаттап, біздің домбырамыз ертең үлкен биіктен көрінсе деген ниеттемін.
Ал, Маржан Қайырбек домбыра шертудің қыр-сырын 5 жасынан үйреніп келеді. Өнерпаздың сөзінше, бұндай шараларда бой көрсету жас домбырашы үшін үлкен мәртебе.
Маржан Қайырбек, оқушы:
Мен үшін домбыра жай аспап емес, сиқырлы аспап сияқьы. Себебі түрлі аңдарыдың дыбысын, түрлі әндерді орындауға болады. Жалпы маған домбыра ұнайды. Біздің ұлттық аспапты дәріптегім келеді. Домбырашы немесе домбыра мүғалімі болғым келеді.
Әз Наурызға орай бастау алған челленджде күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» мен «Сарыарқасы» және Әбдімомын Желдібаевтың ел арасында кең танылған «Ерке сылқым» күйі орындалды.
Ақмаржан Қалымбек