Павлодарлық студент Роман Ткачук мұз үстінде балық аулау бойынша 21-ші Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды. Спортшы келер жылы Моңғолияда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Қостанай қаласындағы Қаратомар су қоймасында спорттық балық аулау додасы жыл сайын өткізіледі. Ерекше қалың мұз, оның түбіндегі түрлі балық аталмыш спортты сүйетін батыл жандарды бей-жай қалдырмайды. Ерекше бәсекеде 9 спортшы өңір намысын қорғады.

Роман Ткачук, балық аулау бойынша қазақстан чемпионы:

Командада 3 адам болды. Жарыс 2 кезеңнен тұрады. Екі тур аралығында жеңімпаз анықталады. Әрқайсысында белгілі ережелері бар.

Спортшының сөзінше, бастысы барынша көп балық аулау керек болды. Алайда, чемпионаттың белгілі бір ережелері бар, сондай-ақ күтпеген жерден ауа-райының қолайсыздығы туындауы мүмкін.

Роман Ткачук, балық аулау бойынша қазақстан чемпионы:

Көп уақыт балық аулап жүрген адамдар үшін қиындықтар туындамайды. Біз түрлі жағдайға дайын отырамыз. Дауыл, жел, тіпті аяздарға да дайынбыз. Бізге еш кедергі жоқ. Ал, бұл спортқа енді ғана аяқ басқан адамдарды үсік шалып жатады.

Роман мұздағы спортпен 7 жыл айналысады. Бүгінде өзін тәжірибелі балықшылар қатарына қосады. Спортшы жеке есепте турнирдің абсолютті чемпионы атанды. Аймақ құрамасының қола жүлдегері. Мұздан сескенбейтін, тіпті оны серік еткен спортшы 2024 жылы Моңғолияда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Ақмаржан Қалымбек, Евгения Мягченко