Орталық жағалаудағы Ertis Promenade сахнасында Отан қорғаушылар күніне арналған «Ел қорғаны — Қарулы Күштер» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Астана қаласында өткен ауқымды әскери шеруді бірлесіп тамашалау маңызды сәттердің бірі болды. Орталық алаңға жиналған мыңдаған павлодарлықтар мен қала қонақтары үлкен LED-экраннан тікелей эфир көрсетілімін тамашалады. Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған әскери шеру еске алу, мақтаныш пен ерліктің символына айналды. Астанадағы әскери шеруге 4 мыңнан астам әскери қызметші, ардагерлер, элиталық бөлімшелердің жауынгерлері, құрмет қарауылының ротасы, сондай-ақ, әскери құқық қорғау құрылымдарының өкілдері қатысты. 200-ден астам заманауи әскери техника, сондай-ақ, әскери-көлік авиациясының 66 әуе кемелері, ұшақтары мен тікұшақтары жұмылдырылды.
Павлодарда әскери шерудің онлайн-көрсетілімін тамашалаған жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер бұл шараны ұрпақтардың күші, бірлігі мен сабақтастығын көрсететін тарихи оқиға ретінде атап өтті. Салтанатты шерудің дайындығы мен үйлесімділігіне зор мақтанышпен жоғары баға берді.
Мерекелік бағдарлама облыстық филармония, Естай атындағы мәдениет сарайының және Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары қатысқан концертпен жалғасты.
Жанасыл Серікбол