Бір жылда елімізде маңызды 5 саяси науқан өтті. Қанша күрделі болса да, еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзімде жүріп өттік. Мемлекет басшысы партиялар енді еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады деді. Президент алғаш рет ұзақ жыл оппозицияда болған партия Парламентке өткенін айтып, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Бірақ, өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Осы ретте маңызды өзгеріс, ол биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға сенді.Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады.