"Былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келді". VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген Мемлекет басшысы осылай деді. Әрі "Қазақстан – геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Осы өзгерістердің барлығы ел болашағы үшін ауадай қажет" деген ойын жеткізді. Президенттің негізгі мәлімдемелері келесі сюжетте.

Президент "экономика мен әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдерді ретке келтіруіміз қажет" деп есептейді. Ал ол үшін жұрттың бәріне жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек" екенін айтты. Себебі "еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп, неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды". деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күші болуы керектігін айта келе, қазір орта бизнес жүйесіз дамып жатқанына тоқталды. Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады деді. Сондықтан Үкіметке созбалаңға салмай, экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция тарту міндетін жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Осы орайда Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын.

Ал "іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін әділ әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек" деді Президент. Осы орайда салық жүйесін толық цифрландыруды міндеттеді. Бұл кәсіпкерлерге де ыңғайлы әрі бюджеттің жүйелі түрде толығуына септесетінін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа салық саясаты ұлттық байлықтың оңтайлы бөлінуіне де жол ашуы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет. Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл әлемде бар озық тәжірибе.

Үкіметке экономиканы монополиядан арылту бойынша былтыр басталған жұмысты жалғастыруды тапсырды. Әрі Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы әзірленген жеке заң жобасын Парламент жуық арада қабылдауы керек деді. Сосын Заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы топтары мен ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал ететінін, яғни лобби барын айтты. Сондықтан депутаттарға лоббистік қызметті заңмен реттеп, бақылаудың халықаралық тәжірибесін зерттеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Ашығын айтсақ, бұл барлық елге, тіпті, дамыған мемлекеттерге тән жағдай. Бірақ осы үдерісті қоғамнан жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе, жемқорлық белең алады. Өркениетті елдерде саясат жабық есік жағдайында астыртын жасалмайды. Сондықтан лоббистік қызметті заңмен реттеудің және оған бақылау жасаудың халықаралық тәжірибесін зерттеу керек.

Президент былтырғыдай тауар газы тапшы болып қалмауы үшін үшін газ саудасын ашық бәсекеге шығарудың маңыздылығына тоқталды. Ол үшін шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн деді Мемлекет басшысы. Мысалы, кімнің үйі үлкен болса, соған газ тарифі жоғарырақ болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ.

Президент осы қыста бірқатар қала мен елдімекен жылусыз қалғанын еске салып, электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатқанын айтты. Сол арқылы әбден тозған энергетика инфрақұрылымын жаңғырту үшін қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын да қамтамасыз етпек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет.

Әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Президент асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысын 1 қыркүйектен бастап орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырды. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет екенін айтты.