Көк байрағымызды әлемдік спорт алаңдарында биікке көтеріп жүрген спортшылар аз емес. Таяуда жерлестеріміз Тай елінің Бангкок қаласында өткен муай-тайдан әлем чемпионатында 11 медаль еншіледі.

Жастар және ересектер арасында өткен муай-тайдан әлем чемпионаты 26 елдің мықтыларының басын қосты. Байрақты бәсекеде өңіріміздің 11 спортшысы табандылық көрсетті. Олар 4 алтын, 5 күміс, 2 қола жүлдені еншіледі. Нұрасыл Мәуелтханов қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, әлемдік додада екінші мәрте жеңімпаз атанды.

Нұрасыл Мәулетханов, әлем чемпионатының жеңімпазы:

Бұл чемпионат маған қиын болды десек болады. Үш қарсыласпен жекпе-жектестім. Бірнінші бразилиялық файтер болды. Одан кеін өзбекстандық, соңғы айқаста франциялық файтерді жеңдім. Иә, кейбір жердерде уайым болды, бірақ бұл спорт. Спортта қиындықтар да болады, оңай да болады. Сондықтан спорттың аты спорт.

Алтын олжалап қайтқан мықтылардың тағы бірі – Санжар Жұмагелді. Жас спортшы шаршы алаңда тартысты ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластырын айқын басымдықпен ұтты.

Санжар Жұмагелді, әлем чемпионатының жеңімпазы:

Менің бірінші бойым болды израильмен, оны мен 2-1 есебімен жеңдім. Сосын финалға шыққанда мен өзбек файтерімен шықтым. Оны мен 3-1 есебімен ұттым.

Ал, ерлер арасында жұдырықтасқан спортшы, әрі бапкер Фархат Ахметов бұл жолы қарсыласқа есе жіберіп алып, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Фархат Ахметов, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

Әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Бапкерлеріміздің еңбегінің арқасында жақсы нәтиже көрсетіп отырмыз. Біздің бапкерлер – Смағұлов Марат Сағындықұлы, Фатхуддинов Дамир Равильевич. Олардың арқасында біз жеңімпаз және жүлдегер атандық. Өзімнің жекпе-жектеріме келсем, аса қиыншылықтар болмады. Себебі тыңғылықты дайындалдық. Алғашқы кездесуім Индия елінің спортшысымен болды, келесіде Швеция елінің өкілімен жұдырықтастым. Жекпе-жек тартысы өтті.

Енді спортшылар Ташкентте өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастады.

Ақмаржан Қалымбек