Жеткіншектер арасында әлімжеттік неге көбейді? Расында, сыныптасының соққысынан көз жұмған оқушы, аяусыз соққыға жығылған жасөспірім туралы жантүршігерлік ақпараттар соңғы күндері желіні шулатып тұр. Жастардың қатігез болып бара жатқаны ма? Бұл мәселе қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Тағы бір дерек: Тереңкөл ауданында ата-ана қарауынсыз қалған балаларға арналған арнайы мектеп интернаттың оқушысы соққыға жығылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептерін полицейлер анықтап жатыр.

Оқиға орнынан бейнежазба әлеуметтік желілерде пайда болды. Қыздар арасындағы жанжал оқушылардың жатын бөлмесінде басталған. Екі қыз бір тәрбиеленушіні еденге сүйреп апарып, ұра бастайды. Бірнеше оқушы араша түсіп, таяқ астында қалған қызды алып кетуге тырысады. Бірақ олар ұрып-соғуды жалғастырады.

Жібек Айтмұхамбетова, білім беру басқармасының бас маманы:

Тереңкөл ауданының Песчаное ауылының нөмірі 2 арнайы мектеп-интернатының тәрбиеленушілерінің арасында өзара жанжал шықты. Бұл жанжал содан әрі төбелеске айналды. Бірақ сол уақытта болған кезекші тәрбиеші мен балалар шұғыл түрде балаларды ажыратты. Төбелес кезінде ешқандай бала дене жарақатын алған жоқ. Бұл арнайы мектеп-интернаты болғандықтан, онда ақыл-ой кемістігі бар балалар тұрады. Жанжалдың себебі анықталып жатыр. Оқушылар айтпады.

Білім басқармасы оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалар жауапқа тартылады. Бүгінде мектеп-интернатында 47 бала тәрбиеленеді.

Жібек Айтмұхамбетова, білім беру басқармасының бас маманы:

Қазіргі таңда мектеп басшысы мен тәрбиешіге тәртіптік жаза қолданылды. Сонымен қатар үш педагог бұл істің мән жайы анықталғанға дейін жұмыстан шектелді.

Аталған фактіге байланысты полиция тексеруді бастады. Елде соңғы күндері әлімжеттіктен зардап шеккен жасөспірімдер туралы жантүршігерлік жағдайлар көбейді. Бұған қатысты мәжіліс депутаттары мектептегі қатігездікті тыю үшін алдымен жауапты органдар жалған қорытынды жасауды тоқтатуы керек деп есептейді. Жасөспірімдер ісімен айналысатын инспекторлардың қызметін қайта қарау қажеттігін айтады. Сондай-ақ, жастар мәселесін мемлекет ғана артып қоймай, ата-ананы да жауапкершілік алуға шақырды.

Аяулым Рахымжанова