Павлодарда қазаққа аты мәшһүр болған Иманжүсіп Құтпанұлының 160 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Ақсу тарихи-өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен өткен шарада серілер дәстүрін ұстап, палуан атанған тау тұлғаның есімі ұлықталды.
Иманжүсіп Құтпанұлы – Ақсу ауданында дүниеге келген. Суырып салма ақын, саятшылық құрып, палуан атанған әнші, ақын, әрі халық композитор. Атақты жерлесіміздің 160 жылдық мерейтойы ел аумағында сән салтанатымен аталып жатыр. Суырып салма ақынның есімін қалалық кітпахана залында Ертіс-Баян өңірінің зиялылары, Ақсу қаласының құрметті азаматтары мен оқушылары басқосып, ұлықтады.
Қаршыға Шаяхметов, Ақсу қаласының құрметті азаматы:
Бұл атамыз өте қадірлі адам болған. Өзі сері, ақын, бесаспап адам болған. Ол кісі біздің Қыркөлдің Алтыбай деген жерде кіндігі тамған. Оны Ақсу елі өте қадірлейді. Мен қалайша бұл өмірге тұрақтайын? Өрт тиіп лаулаған құрақтайын.
Тәлімі мол шараның өтуіне Ақсу тарихи-өлкетану мұражайы мұрындық болды. Ұйымдастырушылар ұлт жүгін арқалаған нар тұлғаны еске алып, есімі өскелең ұрпаққа ұран болып қалу үшін аталмыш шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Светлана Қондыкерова, «Ақсақалдар тағылымы» ҚБ мүшесі:
Иманжүсіп туралы үлкен іс-шара алып келгеннің басты мақсаты – жастар оның батыл рухын, өнерін, жалпы оның адами болмасын үлгі тұтсын деп. Олардың ұлан екендерін, иесі де, киесі де екенін ұмытпай, әрі қарай өркендеуге осындай шара арқылы тәрби жұмысын жүргізіп келе жатқан жайымыз бар.
Тәлімді жиында басқосқан қонақтар үшін Иманжүсіп Құтпанұлы туралы деректі фильм мен қойылым көрсетілді. Ал құлақтан кіріп бойды алатын өрелі өлең мен әуезді ән еске алу кешінің сәнін келтірді.
Ақмаржан Қалымбек