Әлеуметтік желіде Коряковка ауылы маңындағы тұзды көлдің суы тартылып бара жатқандығы туралы бейне жазба тараған болатын. Бұл мәселені ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бақылауға алып, зерттеу жұмыстарын жүргізбек. Жалпы көлдің тартылу, тіпті қызғылт түсінің ақ түске өзгеруінен келіп-кетер қауіп бар ма? Бұл туралы тұрғындар қандай пікірде? Жалпы, сырттан келгенде көлге залал келтіріп жатқандығы рас па?

Бұл – соңғы жылдары өзінің әсем қызғылт түсмен көптің көңілін аулаған Коряковка ауылы маңындағы тұзды көл. Биыл белгісіз себептермен көлдің суы тартылып түсі өзгере бастаған. Бұл мәселені жауапти министрлік назарға алып, тексеру жүргізбек. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын. Ал, жергілікті мамандар тұзды көлді зерттей келе мынадай қорытындыға келген.

Ахан Өмірбек, ҚР экологиялық аудитор палатасының мүшесі:

Зауттан қандай да бір улы заттар шыққан кезде көлдің түсі өзгереді. Ал, бұл жерде жағдай мүлдем басқаша. Біздің пайымдауымызша көлдің суы азайғандықтан түсі де өзгеріп отыр. Бұдан экологияға келіп-кетер қауіп жоқ. Су мөлшері азайғандықтан түздің түсі ғана көрініп отыр. Және бұл әр жыл сайын осылай құбылып тұрады. Көл пайда болғалы бірнеше рет өзгерген.

Ал, ауыл тұрғындары болса аталмыш көлдің өзгермегендігін айтады. Тіпті, сырттан біреулер келіп, көлді кептіріп жатыр деген сөз де қауесет,-дейді ауыл тұрғындары.

Раушан Нұртазинова, Коряковка ауылының тұрғыны:

Білмеймін ешқандай жамандық көрген жоқпыз. – Ал, былай біреулер келіп, суды кептіріп, сондай ештеңе көрген жоқсыз ба? – жоқ, жоқ. Просто қар жоқ, су жоқ, жаңбыр жоқ. Өздеріңіз білесіздер ғой природа какая стало. Алла тағаланың әмірі. А так какой был озеро такой. Раньше я сама там работала. Такая же была озеро. Осындай озеро остался.

Көлдің құрғауына «Мультисервис» ЖШС кінәлі болуы мүмкін деген де болжам бар. Әлеуметтік желіде алаңдаушылық білдірген қоғам белсенділері тұзды көл өнеркәсіптік тұз өндіру үшін арнайы кептірілген деп қауіптенеді. Бірақ, кәсіпорын басшысы көлдің кеуіп кетуіне өзінің кінәсі жоқ екеніне сенімді. Оның 10 жылға тиісті лицензиясы бар. Өткен жылы 6 мың тонна тұз өндірген, ол шамамен 150 млн теңге. Бұл тұзды зауыттар, мұнайшылар, жылу энергетиктері пайдаланады, сонымен қатар көктайғақта жолға себіледі.

Павел Левченко, «Мультисервис» ЖШС директоры:

Біздің өндіріс экологиялық жағынан өте таза. Бізде шығарындылар жоқ, экологияға зиян келтірмейміз. Біз тау-кен массасын алып, оны жуып, өнеркәсіптік зауыттарымызға жеткіземіз.

Көлдегі ахуалдың тағы бір себебі-ауа райы. Павлодар облысындағы биылғы жаздың ыстығы 83 жыл бұрынғы рекордтарды жаңартты. Жаңбыр да жоқ және қыстың қарлы болмауы қызғылт көлдің таяздауына әкелді,- дейді экология министрлігі. Алайда көлге көмек қолы ұсынылмайды.

Ермек Омаров, ҚР экология министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

Министрлік бұл көлді құтқару үшін ешқандай ақша қарастырмаған. Мұнда артемий құрты жоқ, сондықтан жануарлар әлемі үшін де экологиялық тұрғыдан да еш қатер болмайды.

2020 жылы Астананың іргесіндегі Көбейтұз көлінде де осындай жағдай болды. Аз уақытта құрғап, тамтығы қалмай жоғалып кетті. Павлодардағы қызыл тұз да соның кебін киюі әбден мүмкін.

Гүлсара Мәлікова