Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Павлодар облысы және Тереңкөл ауданының Құрметті азаматы, ақын Шолпан Байғалы 75 жасқа толды. Соның құрметіне бүгін «Ертістің ерке ақыны» атты рухани кеш ұйымдастырылып, мерейтойы атап өтілді.
Бала кезінен шығармашылыққа жақын болып өскен Шолпан Байғалының мақалалары республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында, кейін облыстық «Қызыл ту», «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарық көрді. Бала күнгі арманы жетелеп, талай жыл бойы журналист болып қызмет атқарды. Сонымен қатар, көптеген туындылары жарық көріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады.
Бақытжамал Елеукенова, «Сағым жылдар» ансамблінің төрайымы:
Оның жақсылығын, имандылығын, көргенділігін ғана айта аламын. Жазған кітаптарына да куәмін. «Сағым сазы» деген, жазған кітабына, «Қызыл таңым», «Елім» деген кітабында мен кейіпкермін, бармын.Менің білетінім – ол кісінің адамға жақсылық істеуге, бір нәрселерді бастауға, мына «Сағым жылдар» ансамблін құрып, бастап берген сол кісі бізге.
Ақынның мерейтойлық кешіне зиялы қауым, ақын-жазушылар, журналистер қатысты. Шолпан Байғалықызының әдеби-мәдени және қоғамдық қызметі бағаланып, құттықтаулар оқылды.
Айзада Құрманова, облыс әкімінің орынбасары:
Халқыңызға рухани құндылықтар сыйлай беріңіз. Сізге денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін», - Павлодар облысының әкімі – Асаин Қуандықүлы Байханов.
Шолпан Байғалықызы 1970-80 жылдары облыста айтыстың қайта жандануына атсалысқанын да ерекше атап өткен жөн. Сондықтан ақынның мерейтойында айтыс ұйымдастырылып, Шолпан Байғалықызының сөзіне жазылған әндер де орындалды.
Шолпан Байғалықызы, ақын, журналист:
Өлең – менің өмірім. Өлеңде, әрбір шыққан кітаптарымның ішінде менің тағдырым, менің замандастарым, менің мінезім, жалпы қоршаға ортам – осының барлығы қаншама кітапта шықты, сол кітаптардың ішінде баяндалады. Жалпы өзім туралы, енді мен ауылда өстім. Ауылдың қырық үйден тәрбие алдым. Ал біздің тәрбие – таланттың оқан пайызы білімменен, ізденуменен, зерттеуменен, ары қарай көруменен, өнеге алуменен келеді.
Ақынның мерейтойлық кешінде екі жаңа туындысының тұсауы кесілді. Бірі –«Таңшолпан» кітабының екінші томы болса, екінші кітабы – Темірғалы Нұрекенов жайлы «Алаштың Темірғалысы» атты туынды.
Жұлдыз Қабылденова