Оқушылар жазғы демалысын тек ойынмен емес, танымдық шаралармен де қызықты өткізуде. Ертіс ауданында өткен байқауда жас дарындар жыр оқып, ұлттық өнерді дәріптеді. Шара дауылпаз ақын Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына арналды.

Ертіс ауданы, Қарақұдық жалпы орта білім беру мектебінде ақын Иса Байзақовтың есімі ұлықталды. Жазғы лагерь аясында өткен «Жас ақын» байқауына 20- мектептен оқушылар қатысты. Ақтоғай ауданынан да жас ақындар келді. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен оқушылар өздері жазған өлеңдерін оқыды. Келесі кезеңде Иса Байзақовтың шығармаларынан жатқа өлең айтып жарысты. Қатысушылар поэзиямен ғана емес, шешендік өнермен де танысты. Соңғы кезеңде оқушылар Қазанғап би, Байдалы би, Шоң би сияқты тарихи тұлғалар туралы слайд дайындап, өз ойларын ортаға салды. Шараның мақсаты оқушыларға сөз өнерін үйретіп, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру. Байқаудың екінші бөлімі ұлттық ойындармен жалғасты. Асық ату, садақ ату сайыстары өтті. Ал ата-аналар кесте тігіп, ұлттық қолөнерді дәріптеді. Шарада өзге ұлт өкілдері де белсенді болды. Олар қазақ тілінде өлең айтып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Мұндай байқаулар балалардың шығармашылығын шыңдап, отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Сабина Жолдаспаева