Павлодардағы бір көпқабатты үйдің қабырғасына жарқын мурал салынды. Ерекшелігі — бұл суретті кәсіби суретші емес, қала тұрғыны, жасөспірім салған. Туынды аулаға сән беріп, тұрғындардың көңілін көтерді. Жас автор бұл арқылы қала көркін жақсартқысы келгенін айтады. Тұрғындар бастаманы қолдап, мұндай жобалардың жалғасуына үміт артып отыр.

Кеше ғана өңсіз қабырғамен көзге түскен Толстой көшесіндегі №68 үй бүгін ерекше бояуларға малынып, тұрғындардың көңілін көтеріп отыр. Ауладан өткен әр адам тоқтап, суретке түсіп, ризашылықтарын білдіруде.

Евгения Назарчук-Глухова, «Толстого-68» МИБ төрағасының орынбасары

Бұған дейін қабырғаға сурет салу үшін талай суретші іздеп, көптеген мамандармен байланысқа шықтым. Алайда ешкім келіспеді. Биыл қабырға мүлдем ескіріп кеткен соң, әріптесімнің суретші қызы бар екенін есіме түсті. Бірден хабарласып, қызына айтып көруін өтіндім. Көп ұзамай келісімін берді. Нәтижесі күткенімнен де керемет болды – жұмыс өте әдемі шықты.

 Мурал мүлік иелерінің бірлестігі қаражаты есебінен салынды. Тапсырыс берушілер керекті материалдарды өздері сатып алып, жас суретшінің еңбегін бағалады. Аулада бұдан да басқа қабырғаларды көріктендіру жоспарланып отыр. Аяулым үшін бұл алғашқы тәжірибе. Бұған дейін ол көркемсурет мектебін үздік аяқтаған, енді осы мүмкіндіктерді пайдаланып, үлкен кеңістікпен жұмыс істеуге бел буды.

Аяулым Қуанышқызы, мурал авторы, №41 мектеп оқушысы

Мені шабыттандырған — табиғат. Алматының көркем таулары ерекше әсер етті. Сол әсерден мурал салу идеясы пайда болды. Суретті үш күн ішінде салып аяқтадым. Күн сайын адамдар келіп, қызығушылық танытып, жылы пікірлерін білдіріп жатты.

Тұрғындардың ықыласына бөленген Аяулым үйдің тұңғышы. Қыздың бойындағы көркемдік қабілет – тұқымында бар екен, әкесі де сурет салады. Ал Аяулым бес жасынан көркемсурет өнеріне әуес. Ол кескіндемеден бөлек, сазбен жұмыс істеп, авторлық бұйымдар жасайды. Болашақта сәулетші болуды армандайды.

Дильназ Куанышбекқызы