Қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету мемлекет міндеті. Осыған орай Железин ауданында отбасыларға кешенді көмек көрсететін жаңа орталық ашылды. Бұл нысан мұқтаж жандарға бағыт-бағдар береді. Орталыққа кімдер жүгіне алады? Алдағы сюжеттен білейік.
Железин ауданында жаңа әлеуметтік нысан жұмысын бастады. «Алтын ұя» орталығы биыл 5 наурызда аудан әкімінің қаулысымен ашылған. Орталық - аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан құрылған. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асты.
Асқар Сәденов, Железин ауданының "Алтын ұя" отбасын қолдау орталығының директоры
Біздің ең бірінші міндетіміз қиын жағдайға тап болған жанұяларға жан-жақты көмек көрсету үшін құрылдық. Осы ғимаратта біз жөндеу жүргіздік. Жиһаз әкеліп, техника алып, телефон орнаттық. Жаңадан стендтер алғыздық.
Азаматтар әлеуметтік, психологиялық және заңдық кеңес алады. Одан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға уақытша тұру орны қарастырылған. Бұл нысан демеушілер көмегімен жабдықталды. Онда жататын бөлме мен шағын асүй бар. Онда әйелдер 3 күн аралығында тұра алады. Осы уақыт ішінде олар қажетті көмек пен кеңес алып, әрі қарай тиісті мекемелерге жіберіледі.
Асқар Сәденов, Железин ауданының "Алтын ұя" отбасын қолдау орталығының директоры
Ашылу кезінен бізге зорлық-зомбылыққа тап болған адамдар қазіргі уақытақа дейін жүгінген жоқ. Бірақ біз оларға көмектесуге дайынбыз. Ондай жағдай болса, қарсы аламыз. Бөлмелеріміз бар. Ал, басқа жағдаймын адамдар жүгінгенген. Оларды жұмысқа, тұрғын үй кезегіне, балабақшаға тұрғызып және әлеуметтік көмек көрсеттік. Барлық көмекті көрсетуге дайынбыз.
Айта кетейік, орталықта үш маман жұмыс істейді. Олар қиын жағдайда қалған жандарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Жаңа нысан отбасылық саясатты жүзеге асыруға және жанұядағы келіспеушіліктерді шешуге көмектеседі.
Сабина Жолдаспаева