Павлодар облысында тазалық пен экологиялық мәдениетті арттыру бағытында тың жобалар қолға алынды. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өңірде кең ауқымды сенбіліктер өтті. Мыңдаған еріктілер, кәсіпорындар, техникалар жұмылдырылды.

Өңірлік жоспар 44 нақты шараны қамтиды. Бағдарламаның бағыты эковолонтерлік қозғалысты қолдау. Осы мақсатта шағын гранттар байқауы ұйымдастырылды. Нәтижесінде бес бағыт бойынша гранттар бөлінді. Олардың ішінде жануарларды қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау бастамалары бар.

Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары

Сондай-ақ өңірлік жоспар экологиялық волонтерлікті қолдауды, экологиялық бейнероликтерді шығаруды, жыл сайын тақырыптық мәдени шараларды өткізуді, шамамаен 10 түрлі экологиялық акциялар мен байқауларды қамтиды. Бұл Таза аула, Таза Қазақстан, саябақтар шеруі, үлгілі ауыл секілді байқаулар. Таза Қазақстан жалпыұлттық экологиялық бастамасы тұрақты жалғасады.

Сәуір айында өңірде ауқымды тазалық акциялары өтті. 12 сәуірде өткен жалпы облыстық сенбілікке 35 мыңнан астам адам және 8 мың кәсіпорын қатысты. Бұл күні 15 мың тонна қоқыс шығарылып, 5 мың ағаш отырғызылды. «Болашақты бірге отырғызамыз» акциясы кезінде 6 мыңнан астам ағаш егілді. Ертіс өзенінің жағалауынан 500 тонна қоқыс жойылды.

Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары

Біздің Павлодар өңірінде 3 тұрмыстық қалдықтарды жинайтын полигондар бар. Ол Павлодар қаласында, Екібастұз және Ақсу қаласында ораналасқан. Олардың экологиялық рұқсат қағаздары бар және санитарлық нормаларға сай келеді. Осы полигондарға әр адам қалдықтарды апарып тапсыру керек.

Жалпы, облыстағы экологиялық шараларға 23 мыңнан астам адам және 11 мыңнан аса кәсіпорын қатысты. 400 техника жұмылдырылып, 32 мың жеке үй мен 2,5 мың аула тазаланды. Абаттандыру жұмыстарына байланысты ұсыныс-тілектерді жинауға арналған бірыңғай Telegram-бот іске қосылды.

Сабина Жолдаспаева