Биыл Железин ауданында егіс алқабы 208 мың гектардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7 мың гектарға көп. Қазір аудандағы диқандар негізгі жұмысты аяқтауға жақын.

Биыл дәнді дақылдардың көлемі сәл қысқарған. 2024 жылы 135,2 мың гектар болса, биыл 130,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде бидай – 90 мың гектар, арпа – 21 мың, сұлы – 9 мың, қарақұмық – 8,1 мың гектар. Ал, кейбір дақылдардың көлемі артқан. Мысалы, қарақұмық пен арпа егістігі ұлғайды. Тары мен жасымық көлемі азайған. Озат шаруалар күздік бидайды да ұмыт қалдырған жоқ. Биыл ол 250 гектарға егілді.

Бауыржан Қаңтарбаев, Железин ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

Қазірдің өзінде шамамен 70,5 мың гектарға дәнді дақылдар себілді. Бұл жалпы көлемнің 51 пайызынан асады. Майлы дақылдар 35 мың гектарға егілді. Егер ауа райы қолайлы болса, 10 маусымға дейін егіс жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлап отыр. Біз қазір КАБ шаруа қожалығының аумағындамыз. Мұнда картоп себу жұмыстары аяқталуға жақын. Олардың өз көкөніс сақтау қоймалары бар. Осы шаруашылықпен меморандумға қол қойылды. Соңғы үш жылда олар ауданның әлеуметтік дүкендеріне картоп пен сәбізді төмендетілген бағамен жеткізіп келеді. Жыл бойы картопты 90 теңгеден, ал сәбізді 80-85 теңгеден сатады.

Картоп пен көкөніс алқабы өзгеріссіз қалды. Картоп – 1 870 гектар, көкөніс – 125 гектарды құрайды. Барлық сәбіз – осы көлемнің ішінде. Көктемгі дала жұмыстарына толық дайындық жасалған. Ауданда барлығы 23 705 тонна тұқым дайындалған. Техника жаңарту да назардан тыс қалмады. Биыл аудан шаруалары 293 миллион теңгеге 19 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Оның ішінде 2 трактор, 5 жүк тиегіш және 12 түрлі ауыл шаруашылығы машинасы мен топырақ өңдеу құралдары бар.

Бауыржан Қаңтарбаев, Железин ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

Жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып отырады. Қаржыландыру көзі – несие қаражаттары және шаруалардың өз қаражаты. Аудан бойынша жыл сайын 120-дан астам техника сатып алынады. Орташа есеппен 8-10 миллиард теңгеге дейін қаражат жұмсалады.

Железин ауданында көктемгі егіс жұмыстары жоспарға сай, қарқынды жүріп жатыр. Шаруалар уақытпен санаспай еңбек етеді. Ауданда 130 шаруа қожалығы бар. Соның 106-сы – егін шаруашылығымен, 24-і – мал шаруашылығымен айналысады.

Сабина Жолдаспаева